Жастардың көпшілігі қоғамдық пікір лидерлеріне сенбейді

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Жастар еңбек нарығында: қажеттілік, мүмкіндіктер мен перспективалар» 2023 жылы өткізілген зерттеу нәтижелерін сараптамалық алаңда таныстырды. Презентация барысында «Жастар» орталығының директоры Айсұлу Ерниязова жастардың еңбек нарығындағы интеграция процесінің негізгі сипаттамаларына тоқталды.  Материалда аналитикалық баяндаманың қызықты тұстарын бөлісеміз. 

Зерттеу жайлы

Зерттеу 14-35 жас аралығындағы жастар арасында сауалнама әдісі бойынша жүргізілді. Оның аумағы Қазақстанның барлық аймақтарын – республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, 17 облыс орталығын және ауылдық елді мекендерді қамтыды. Іріктелгендер көлемі –  2000 респондент.  

Жастар мамандық қалай таңдайды?

Сауалнама нәтижесі бойынша оқу орнына түсер кезде мамандық таңдауға әсер ететін факторлар мыналар:

  • Еңбекақы – 56,7%;

  • Жұмысқа орналасу мүмкіндігі – 44,9%;

  • Мамандық имиджі – 37%;

  • Тегін оқу мүмкіндігі (соның ішінде мемлекет, ұйымдар, т.б. есебінен) – 34,7%;

  • Мамандыққа деген өз қызығушылығы – 22%;

  • Конкурстың төмен деңгейі – 16,2% және т.б. 

Жастар қай салаларда жұмыс істегісі келеді?

Алғашқы бестікке кірген салалар:

  1. Өндіріс;

  2. Көлік саласы;

  3. Байланыс;

  4. Ауыл шаруашылығы;

  5. Қоғамдық тамақтану. 

Сондай-ақ жастардың 56,7%-ы тұрақты жұмыс орнының болуын қалайды. Қашықтан жұмыс істеуді 15% респондент таңдаса, фрилансқа бет бұрғысы келетіндер – 10,2%. Респонденттердің көпшілігі үшін жұмыс істеудің басты себебі – өмір сүру қажеттіліктерін қамтамасыз ету керектігі. 

Кімнің пікіріне сенеді?

Шешім қабылдағанда билік өкілдеріне сенеміз дегендер 23,9%-ды құрады. Кейінгі орындарда ғалымдар (17,3%), қоғам қайраткерлері (15,0%), саяси партия жетекшілері (12,5%) және т.б. жайғасты. Ал ешкімнің ой-пікіріне сенбейтін жастардың мөлшері бәрінен асып түсті (24,4%).  

Мамандық бойынша жұмыс істеу

Еңбек өтілі бар және жұмыспен қамтылған қатысушылардың тек 28,8%-ның қызметі оқыған мамандығына толық сәйкес келеді. Қатысушылардың қалған бөлігі жалақының төмендігі, жұмыс орындарының жеткіліксіз болғаны және т.б. себептерге байланысты өзге салаларда тер төгіп жүр. 

Жастардың табыс деңгейі

Жастардың басым көпшілігінің табысы аз. Сауалнама жас адамдар мен олардың отбасындағы жиынтық айлық кірісті қамтыған. Оған сәйкес ай сайынғы көрсеткіш төмендегідей (зейнетақы, стипендия, т.б. қосқанда):

  • 100 000 теңгеге дейін – 10,2%;

  • 100 000-200 000 теңге – 35,1%;

  • 200 000-300 000 теңге – 32,4%;

  • 300 000-500 000 теңге – 10,1%;

  • 500 000 не одан жоғары – 4,7%. 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»