Қазіргі мектеп оқушылары деградацияға ұшыраған ба? Тестілер нәтижесі

PISA халықаралық оқушы қабілетін бағалау бағдарламасы 15 жастағы балалар арасында өткен тексерудің жаңа нәтижесін жариялады. Ол оқушылардың математика, оқу сауаттылығы және жаратылыстану ғылымдары бойынша білімін анықтайды. Шыққан нәтиже көңіл көншітпейді. 

Оқу үлгерімі төмендеп кеткен

Балалардың күрделі мәселелерді қаншалықты шеше алатыны, сыни ойлау қабілеті және тиімді қарым-қатынасқа түсе алуы тексерілетін бұл тестілеу көрсеткіштердің әлем бойынша төмендеп кеткенін анықтап отыр. Атап айтқанда: 2018 жылмен салыстырғанда оқу сауаттылығы бойынша орташа өнімділік 10 баллға және математика бойынша 15 баллға төмендеген. 

Басқа өзгерістермен салыстырғанда, математика бойынша үлгерімнің төмендеуі үш есе көп. ЭЫДҰ елдері бойынша орта есеппен 15 жастағы әрбір төртінші жас математика, оқу және жаратылыстану пәндерінде төмен нәтиже көрсетеді. Бұл олардың негізгі алгоритмдерді пайдалану немесе қарапайым мәтінді түсіну сияқты тапсырмаларды орындауда қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін білдіреді.

 

Жасөспірімдердің жаппай смартфонға көшуі әсері

IT-сарапшы Сергей Карелов «“Generation I” дорого платит за перепрошивку когнитивных гаджетов» мақаласында былай дейді:

«Жасөспірімдердің математика, оқу және жаратылыстану пәндеріндегі көрсеткіштерінің күрт төмендеуі (сонымен қатар балалардағы психикалық ауру эпидемиясының басталуы) 2010 жылдары басталды. Шамамен сол уақытта бүкіл әлем жасөспірімдері өздерінің қарапайым ұялы телефондарын әлеуметтік желі қолданбаларымен жабдықталған смартфондарға айырбастай бастады».

«Generation I» – интернет заманында өсіп келе жатқан балаларға қолданылатын термин. 

Инфоргтар деген кімдер?

Инфоргтар – бұлар Метаәлем мен цифрлық ортаға бейімделген адамдар. Олар жастар мен балалар арасында көп кездеседі. Бұл ұрпақтардың жаңа классификациясы ғана емес, Homo sapiens sapiens-ті алмастыратын және даму траекториясы мүлде басқа, өркениеттің жаңа түрін құруға қабілетті адамдардың жаңа кіші түрі. 

Әлем пиксельдерден, жазбалар мен лүпілдерден тұрады

Сонымен қатар сарапшы Корелов психолог Джин Твендждің 2017 жылғы “Generation I” (инфорг-балалар) көптеген маңызды дағдыдан айырылып, деградацияға ұшырайтыны туралы айтқан сөздерінің шындыққа жанасатынын жеткізді.

Америкалық нейробиолог және нейрофилософ Эрик Хоэл инфорг-балалар туралы:

«Олар үшін шынайы әлем кішкентай тіктөртбұрыштардан тұрады. Дүние пиксельдерден, жазбалардан, лүпілдер мен жаңартулардан құралады. Баланың көзімен қарасақ, бүкіл өркениет кішкентай тар кеңістікке сыйып кетті. 21 ғасырдың нәтижесі адамдардың технологиялардың зиян жетістіктеріне төтеп бере алу-алмауына байланысты»,– дейді. 

Жасанды зият жағдайды ауырлатуы мүмкін

Сарапшы Антон Антић мынадай болжам жасады:

«LLM (Large language model) адамзаттың бар біліміне сәйкес жұмыс істейді. Ал мультиагенттік жасанды зият жақында бұл білімді адамдардың жартысынан көбінен артық қолданатындай күйге жетеді. Деградация гаджеттердің келуімен басталса, жасанды зият бұл үдерісті тездетуі әбден мүмкін. Егер адамдардың бәрі AI-ды қолданып кетсе, жаңа білімді кім ашады? Сондықтан адамзаттың білімі қазіргі деңгейде қатып қалуы, білімсіздік пен ойын-сауыққа құмарлық – пессимистік болса да, таңғажайып емес болжам».

«Балалар ақымақтанған жоқ, тестілер ескірді»

Желі қолданушылары бұл туралы пікірталасқа түсіп, түрлі ойлар айтты. Бірі смартфондарды кінәласа, екіншісі еш қауіп төніп тұрған жоқ дейді. 

«Бұл балаларда жаңа дағдылар пайда болғанын білдіруі мүмкін. Бірақ оны қалай қолдану керегін әлі білмейді. Балалар ақымақтанған жоқ, тестілер ескірді. Психикалық ұтқырлық артынан психикалық нормалар үлгермей жатыр»,– дейді Katsiaryna Mikhnavets есімді қолданушы. 

«Балалар үлкендерден үлгі алады. Үлкендер виртуалды әлемнен шықпай жүрсе, өскелең ұрпаққа қандай шағым бар?»– деп жазды Tatyana Koshelyuk.

Оған қоса, кей адамдар алаңдайтын ештеңе жоқ дейді. Бұрын смартфон пайда болғанда бәрі оның зиянын айтып, қара аспанды төндірген. Бірақ бұл тек заман талабына сай өмір сүрудің бір бөлігі екенін жазып жатыр.

«Байланыс арналары объективті қайта құрылымдалып жатыр. Бұл біздің дене күшімізді 100 жыл бұрынғы ата-бабаларымызбен салыстыру сияқты – олар атқа міне білген және күні бойы денесімен еңбектенген. Әлем өзгеруде. Жастар кітап оқығаннан гөрі бейнероликтер көп көреді. Адам есепшілері ешкімге керек емес. Ғалымдардың балалары ғалым болады. Ең бастысы, оған әсер ету әлі мүмкін емес. Сондықтан қиналатын ештеңе жоқ. Тарихи тұрғыдан алғанда, әлемдегі байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық азайып, сауаттылық деңгейі дерлік жалпыға бірдей»,– деген пікірді Евгений Кузнецов бөлісті.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»