Алтынай Өтегенова: жастар үшін қазақ тілін қалай сәнді етуге болады

Сурет: жеке архив

Қысқа бейнероликтер, пайдалы тілдік кеңестер мен интерактивті тапсырмалар жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыра алады. Бұл туралы әдіскер, «ТілLogic» білім беру жүйесінің авторы Алтынай Өтегенова эксклюзивті пікір білдірді.

Өтегенованың айтуынша, қазақ тілін үйрену қиын әрі қызықсыз деген түсінікті өзгерту – оның контент жасаудағы негізгі мақсаттарының бірі. Ол грамматикалық ережелерді жаттаудың орнына, тілдің логикасын түсінуге басымдық беру қажет деп санайды. 

«Мен ережелерді жаттаудың орнына, тілдің логикасын түсініп, алғашқы сабақтан бастап сөйлем құрауға болатынын көпшілікке көрсеткім келді», – деген пікірден ол өз ой-толқауын бастады.

Оқулықтың орнына қысқа бейнероликтер

Алтынай Өтегенова қазақ тілін насихаттаудың тиімді құралдарының бірі ретінде Instagram желісіндегі Reels форматындағы қысқа бейнероликтерді атайды. Оның пікірінше, жастар жылдам әрі нақты пайдасы бар контентті бағалайды. Сондықтан күнделікті қолданыстағы сөз тіркестерін түсіндіру, сөздердің жасалу логикасын талдау және оқушылардың нақты нәтижелерін көрсету сияқты форматтар жақсы жұмыс істейді.

Әлеуметтік желілер қазақ тілін дәстүрлі оқулықтар шеңберінен шығарып, заманауи цифрлық ортаға енгізуге мүмкіндік береді. 

«Тіл заманауи, эстетикалық әрі ықшам естілуі керек», – деп атап өтеді әдіскер.

Қателесуден қорқу – тілдің дамуына кедергі

Білім беру бағытындағы блогтар көбейгенімен, қазақтілді әлеуметтік желілер кеңістігінде әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар. Өтегенова олардың ішіндегі басты кедергілердің бірі ретінде қателесуден және пікірлерде сынға ұшыраудан қорқуды атайды.

Көптеген адам қазақ тілінде еркін сөйлеуге ұялады. Әсіресе тілді енді үйреніп жүрген немесе өз сөзінің дұрыстығына сенімді емес адамдар үшін өзгелердің сыны тілдік кедергіге айналуы мүмкін.

Өтегенованың пікірінше, цифрлық кеңістікте қолдауға негізделген орта мен сапалы интеллектуалды контент жеткіліксіз. Жарияланымдар тек назар аудартып қана қоймай, мазмұндық құндылыққа ие болуы және көрерменнің уақытын бағалауы керек.

Контентті көруден тілді күнделікті қолдануға дейін

Блогерлердің тағы бір маңызды міндеті – аудиторияны қазақ тіліндегі контентті күнделікті өмірде қолдануға ынталандыру. Ол үшін шағын практикалық тапсырмаларды пайдалануға болады. Мысалы, контент авторлары жазылушыларға жаңа сөзді қатыстырып бір сөйлем құрауды немесе үйренген тіркесті сол күні әңгіме барысында қолданып көруді ұсына алады.

Мұндай тәсіл көрерменді пассивті тұтынушыдан тілдік қауымдастықтың белсенді қатысушысына айналуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кері байланыстың да маңызы зор. Адам акценті немесе грамматикалық қатесі үшін сыналмай, керісінше қолдау сезінуі керек.

«Көрермен акценті үшін айыпталмай, қолдау сезінген кезде тілдік кедергі жойылады», – деп Алтынай Өтегенова кезекті ойын алға тартты.

Оның пікірінше, әлеуметтік желілерде қазақ тілін насихаттау үшін қолжетімді білім беру контентін, заманауи форматтарды және қолдаушы ортаны қатар дамыту қажет. Қысқа бейнероликтер аудиторияның назарын аударғанымен, тілді күнделікті әдетке айналдыруға практикалық тапсырмалар мен өзара қолдау көмектеседі.

Біз бұған дейін жас қазақстандық орындаушы Біржан Демеуұлымен сұхбаттасып, оның өнер жолының басталуы, әндерінің тарихы, шығармашылық жоспарлары мен отандық музыка индустриясына көзқарасы туралы әңгімелескен болатынбыз.

Читайте также


Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»