Әскерге күштеп әкетпек болса не істеу қажет?

Youth.kz Астана қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Аида Өтесінмен әскерге шақыру тәртібі туралы сөйлесіп.

Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі қалай жүреді?

Әскерге шақыру тәртібі үш кезеңнен тұрады: әскери есепке тіркелу, әскери қызметке дайындық және әскерге шақыру кезеңі. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, барлық ер азаматтар 17 жасында әскери есепке алынады. Бұл тіркеу тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжай бойынша жергілікті әскери басқару органдарында (военкомат) жүргізіледі. Жас азаматтар мектепте және колледжде алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Кейбіреулер әскери-техникалық мамандықтар бойынша арнайы оқудан өте алады. ЖОО-дағы әскери кафедралар арқылы офицер немесе сержант запасы ретінде дайындықтан өтуге болады

Әскерге 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. Әр азамат жергілікті әскери басқару органдарынан медициналық тексеруден өтеді. 27 жастан асқан азамат әскерге шақырылушылар қатарынан шығып, запастағы құрамға өтеді.

Әскерге шақырту кезеңінде азаматтар медициналық тексерістен өтеді. Медкомиссия азаматтың денсаулығын тексеріп, әскерге жарамдылығын анықтайды. Комиссия үш түрлі шешім қабылдай алады:

  • Қызметке жарамды – әскерге жіберіледі;
  • Кейінге қалдырылады – оқу, отбасы немесе денсаулыққа байланысты;
  • Босатылады – денсаулығына немесе заңды себептерге байланысты.

Азамат медициналық комиссия шешіміне шағымдана ала ма?

Егер комиссияның шешімімен келіспесең, заң аясында шағымдануға болады. 3 жұмыс күні ішінде шағымдануға болады. Шағым облыстық немесе республикалық әскери-дәрігерлік комиссияға беріледі. Жаңа комиссия қайта тексеру жүргізіп, шешімнің дұрыстығын анықтайды. Тәуелсіз (бейтарап) медициналық тексеруден өтіп, медициналық қорытынды алыңыз. Бұл анықтама кейін сотта немесе шағымдану кезінде дәлел ретінде пайдаланылады. Одан әрі сотқа жүгініңіз. Егер жоғары комиссия да негізсіз "жарамды" десе, әкімшілік сотқа шағым беріңіз. Сот сіздің медициналық құжаттарыңызды сараптамаға жібереді. Құқықтарыңызды қорғау үшін әскери заңгердің немесе адвокаттың көмегі қажет болуы мүмкін. Олар сізге талап арыз жазуға, дәлелдер жинауға көмектеседі.

Осы мәселе бойынша сотқа немесе адвокатқа жүгіну үшін қандай құжаттар қажет?

Әскери комиссариаттың медициналық комиссиясының шешімі, сіздің диагнозыңыз көрсетілген медициналық анықтамалар (УДЗ, МРТ, т.б) және тәуелсіз медициналық ұйымның қорытындысы, шағым (арыз) немесе талап арыздың көшірмесі қажет. Ескерте кетерлік бір жайт, жалған медициналық анықтама беру – қылмыс (ҚК 385-бабы – жалған құжат жасау). Егер сізден немесе дәрігерден пара талап етілсе немесе "ақша берсең – жарамсыз қылам" десе – бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке хабарлаған жөн.

Әскери комиссариаттың көшеден ұстап әкетуге құқығы бар ма?

Әскери комиссариаттың өз бетімен көшеде рейд жасап, азаматтарды "ұстап алуына" құқығы жоқ. Алайда, егер азамат бірнеше рет шақыртуға келмесе, мекенжайын ауыстырып, хабарламаса, онда: әскери комиссариат полицияға сұрау жібереді, полиция ғана азаматты уақытша ұстауға және әскери комиссариатқа жеткізуге құқылы.

Егер көшеде ұстап алса не істеу керек?

Алдымен кім екенін анықтаңыз. Полиция ма, әлде әскери комиссариат қызметкері ме? Құжаттарын көрсетуін талап етіңіз – куәлік пен ресми бұйрық. Телефон шалып, адвокатқа не туыстарыңызға хабарласыңыз. Военкоматқа апарған жағдайда, түсіндірме жүргізілмесе, ешқандай құжатқа қол қоймауға құқылысыз, Позицияңызды ресми түрде білдіруге және заң бойынша шағым беруге толық құқығыңыз бар. Әскерге шақыру тек шақыру комиссиясының шешімімен жүзеге асады. Көшеде ұстап алып, бірден әскерге алып кету – заңсыз.

Қандай құжаттарға ешбір жағдайда қол қоймау керек?

Егер сіз өзіңізді денсаулығыңызға байланысты әскерге жарамсыз деп есептесеңіз, бірақ медициналық комиссия “жарамды” деп көрсеткен актіні ұсынса — қол қоймаңыз. Бұл құжатқа қол қойсаңыз, сіз шешіммен келісемін деп есептелесіз. Актіні қолдамау туралы жазбаша түсініктеме жазып, қайта тексеруді талап етіңіз. Ерікті түрде әскери қызметке келісім болуы қажет (өтініш, келісімшарт. Егер сізді әскерге мәжбүрлеп немесе қысыммен ерікті түрде келісімшартқа отырғызуға көндірсе — қол қоймаңыз. Бұл әсіресе денсаулығында немесе отбасылық жағдайында қиындықтар бар азаматтарға қатысты.

Тағы да басқа ескеру қажет ережелер бар ма?

Жауапкершілікті өз мойныңызға алатын түсініктемелер жазбаңыз. “Өз еркіммен келдім”, “ешқандай шағымым жоқ” сияқты түсініктеме немесе актілерді ешкімнің қысымымен жазып беруге немесе қол қоюға міндетті емессіз. Егер құжат мазмұны түсініксіз болса, заң бұзушылық бар деп ойласаңыз немесе қысым көрсетілсе – қол қоймаңыз.

Қандай жағдай заңды түрде қол қоюдан бастартуға болады?

Құжатпен толық таныспағанда, құжатта жалған мәлімет болса, мазмұны түсініксіз немесе мәжбүрлеу байқалса, заңгердің көмегі көрсетілмесе және денсаулығыңызға қатысты жайттар объективті қаралмаса – қол қоюдан бас тарта аласыз. Егер қол қоюды талап етсе: “Мен құжатпен толық таныспадым, қол қоюдан бас тартамын” деп жазбаша түрде түсініктеме беру керек. Сондай-ақ екі куәгердің қатысуымен бас тартқаныңызды тіркете аласыз. Бұдан кейін құжат көшірмесін талап етіңіз.

Қайта даярлауға кімдер шақырылады?

Əскери жиындар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы»  заңға сәйкес, үшке жіктеледі:

  1. Оқу-жаттығу жиындары – əскери міндеттілерді, əскери оқу орындарына түскен кезде əскерге шақырылушыларды жəне əскери кафедралардың студенттерін даярлау жəне қайта даярлау мақсатында өткізілетін əскери жиындар түрі;
  2. Тексеру жиындары – соғыс уақытының ұйымдастырушылық-штаттық құрылымында міндеттерді орындауға арналған, əскери бөлімдердің əзірлігін тексеру мақсатында өткізілетін əскери жиындар түрі;
  3. Арнайы жиындар – төтенше жағдай режимін енгізу жəне қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында жəне ҚР Президенті айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетін əскери жиын.

Қатардағы және сержанттық құрамдар үшін шекті жас – 50 жасты қоса алғанда (әйелдер үшін 35 жасты қоса алғанда), офицерлер құрамы үшін – 60 жасты қоса алғанда (әйелдер үшін 45 жасты қоса алғанда). Қайта даярлауға шақырылған азаматтар мемлекет тарапынан киім-кешек, тамақ, медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар олардың жұмыс орны мен айлығы сақталады. Ұзақтығы 30 күн болатын жауынгерлік даярлық жиыны осы жиынның соңғы күндерінде екі демалыс күні беріле отырып, жылына бір рет өткізіледі. Екі айға созылатын оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілер бес жылда бір рет шақырылады. Сондай-ақ 29 жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылуы мүмкін.

Әскери кафедрадан өткендер әскерден босатыла ма?

Әскери кафедра – жоғары оқу орындарында ұйымдастырылатын арнайы дайындық. Оған конкурстық негізде күндізгі бөлімде оқитын, жасы 24-тен аспаған студенттер қатыса алады. Конкурсқа ер балалармен қатар кейбір бағдарламаларда қыздар да қатыса алады. Қабылдау барысында медициналық комиссиядан өту, психологиялық тестілеу, дене шынықтыру нормативтерін тапсыру және оқу үлгеріміне қарай рейтингтік іріктеу жүргізіледі. Әскери кафедрада оқу екі бағытта жүреді: запастағы офицерлер және запастағы сержанттар. Запастағы офицерлер 2 жыл, ал сержанттар 1 жыл оқиды. Офицерлер бағдарламасы кей жағдайда мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін оқытылады. Ал сержанттар бағдарламасы көбіне ақылы түрде жүргізіледі. Оқу аяқталған соң офицерлерге «запастағы лейтенант», ал сержанттарға «запастағы кіші сержант» шені беріледі. Алайда бұл әскерден толықтай босатылу дегенді білдірмейді. Мобилизациялық дайындық және әскери қажеттілік туындағанда олар да әскер қатарына шақырылады.

Қазір елде әскерге шақырту тәртібін өзгертуге қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Оған сәйкес енді әскерге шақырту қағаз түрінде емес, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама ретінде және eGov-тағы жеке кабинетке хабарландыру түрінде келеді. Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың сенат кулуарындағы мәлімдемесіне сүйенсек, жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін жастарды көшеден күштеп әкету секілді жағдайлар болмайды. Бірақ егер азамат әскерге шақыртуды елемесе, бұл Әкімшілік кодекс аясында қаралып, уәкілетті органдар айыппұл мөлшерін белгілейді.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»