WhatsApp алаяқтардан қалай сақтана аласыз?

Атақты брендтің атын жамылып, атаулы датаны алға тартып, сұраныстағы, трендтегі тақырыптар мен оқиғаларды пайдаланып отыратын жалған сайттарды көргеніңізге сенімдіміз. Интернеттегі алаяқтар WhatsApp сияқты мессенджерлерді, басқа да сайттарды қолданып, өз сілтемелерін таратады. Сондай жалған акция болуы мүмкін хабарламаны алсаңыз оны таратпаңыз. Алдымен фактчекингтен өткізіңіз:

Біріншіден, акция жайлы сілтемелерді ашпас бұрын Ps.kz немесе Who.is сияқты домендер базасы арқылы міндетті түрде тексеріп көріңіз: қашан, қайда тіркелгенін, артында кім тұрғанын анықтайсыз.

Екіншіден, егер хабарламада брендтің атын пайдаланса, бірден ақпаратты ресми сайттан қараңыз, қоңырау шалыңыз, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға тырысыңыз.

Үшіншіден, сілтеме мен сайт дизайнына мұқият қараңыз. Әдетте жалған сілтемелер мен сайттардағы дизайн ресми сайттағысына ұқсаc, ал логотипті қалай болса солай пайдалана береді.

Төртіншіден, сілтемені ашпас бұрын акциядағы даталарды тексеріңіз. Алаяқтар атаулы даталарды алға тартып, соның құрметіне орай акциялар ұйымдастырып жатады-мыс, алайда көп жағдайда осы даталар шынайы брендтердің шығу тарихымен сәйкес келмейді. Сондықтан сілтемені ашпас бұрын аталған брендтің тарихын бір рет болса да оқып, салыстырған жөн.

Байқасаңыз барлық акция бір сарында, бір дизайнда жасалған: әуелі акция туралы мәлімет, соның құрметіне ұйымдастырылып жатқан сауалнама не анкета, кейін жалған аккаунттардың өтірік мақтау-пікірлері. Осы схема арқылы олардың фейк екенін анықтауға болады.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»