Волонтер болу не үшін керек және онымен қайда айналысуға болады?

Қазақстандағы волонтерлердің саны 240 мыңнан асады. Олардың бәрі немен айналысып жүр және волонтерлік не үшін керек? Осы жайында тәжірибелі еріктілер өз ойларын бөлісті. 

«Еріктіліктің арқасында достар таптым»

Бағжан Әбдікәрім – БҰҰ (ЮНИСЕФ), «Ізгілік» және Go Viral волонтеры. Ол жаңа таныстар мен дамуға ұмтылатын және өмірге деген көзқарасы ерекше достар табу үшін волонтерлікке келген. 

«Бірге талай жобаға қатыстық. Өзімнің қалауыма жеттім десе де болады, өйткені алғашында осы үшін келгенмін. БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорғау қорының жобасы мен үшін ерекше есте қалды. Өзіміз оқушы бола тұра басқа мектеп оқушыларына онлайн түрде сабақ бердік. Ол үшін арнайы білім алып, аттестациядан өттік. Халықаралық ұйымның атынан сабақ беру мен үшін үлкен мәртебе», – деп Бағжан алған әсерін бөлісті.

Сонымен қатар Бағжан инстаграмға хикая жариялау арқылы түрлі мәселелерді шеше бастады: «Еріктілік арқасында инстаграмға хикая жариялау арқылы түрлі мәселелерге араласа бастадым. Мысалы, қалада бір субұрқақ өте нашар жағдайда болған еді. Ол туралы сторис жариялап, керекті парақшаны белгілеп кеттім. Шамалы уақыттан кейін оны жөндеп қойды. Жүйенің жұмыс істеп жатқанына волонтерліктің септігін тигізгеніне риза болдым», – дейді ерікті. 

«Волонтерлік өмірімді сәнді етті»

Артур Дрейлинг, ZhasCamp МИСК волонтерінің ойынша, бұл іс адамды ашады.

«Мен волонтерлікпен айналыса бастағанда, өмірім өзгерді. Ол қызығырақ әрі жарқын бола түсті. ZhasCamp-ке қатысудың мен үшін маңызы өте зор, себебі біздің қаламызда мұндай іс-шаралар сирек өтеді. Ең ұнаған тұсы – бизнес-индустрия сарапшыларымен болған кездесу, соның арқасында ұйым және ірі іс-шараларды ұйымдастыру, үйлестіру туралы көбірек білдім. Өз стартаптарын бастамақ балалармен таныстым, – дейді Артур. – Азаматтық белсенділік танытып жүрген волонтерлер әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, өмір сапасының артуына өте үлкен септігін тигізетінін де айта кеткім келеді».

«Еріктілікке дейін тыныш және ұялшақ едім»

Максим Панченко алты жылдан бері волонтерлік қызметпен айналысады. Ол БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Ұлттық еріктілер желісі жобаларының онлайн волонтері болған. Қазіргі уақытта «EsBol» нашақорлықтың алдын алу қорының облыстық штабында волонтерлік қызмет атқарады.

«Волонтерлік қызметке келгенге дейін мен адамдармен сөйлесе алмайтын, жаңа таныс таба алмайтын «сұр тышқан» сияқты ұялшақ бала едім. Волонтерлік жұмыс барысында 16-18 жасқа дейін өз бетімше іс-шаралар ұйымдастырғандықтан, өзімнің комфорт аймағымнан шығып, тұлға ретінде өсе бастауға тура келді. Концерттерде жүргізуші болдым. Кейіннен бұл маған радио дикторы болып жұмысқа тұруыма көмектесті. Волонтерлік тәжірибемнің арқасында портфолиомда 70-ке жуық сертификат пен марапат бар, олар жұмысқа орналасу кезінде пайдасын тигізеді. Сондай-ақ волонтерлік қызметтің арқасында еліміздің президентімен сөйлесіп, оған аймағымыздағы волонтерлер және жеткен жетістіктеріміз туралы айту құрметіне ие болдым», – деп Максим өз тәжірибесін бөлісті.

Оның ойынша, адамдар волонтерлік тәжірибені дұрыс бағаламайды:

«Мен 20 жастамын. Қазірдің өзінде фастфуд желісінің менеджері болып жұмыс істеймін және нашақорлықтың алдын алу бойынша штабты басқарамын, ал менің жасымдағы көптеген жігіт мамандықтарын енді ғана таңдап жатыр. Волонтерлік тәжірибе өзіңді әртүрлі салаларда сынап көруге көмектеседі, ал егер бар күшіңді салсаң, өзіңе жақын нәрсені тез таба аласың».

 «Еріктілік – бұл өзіңді тану»

«Ең алғашында Children’s rights UNICEF онлайн-волонтері болдым. Онда біз түрлі медиа-платформаларға балалар құқығы туралы материалдар дайындауға көмектестік. Дәл сол кезде балалар құқығы және жалпы адам құқығы тақырыптары мені қаншалықты қызықтыратынын түсіндім. Кейін өзімнің мамандығым қаржыгер болғанына қарамастан, осы тақырыпқа қызығып, әрі қарай даму жолдарын іздестірдім. Осылайша МИСК тағылымдамасына өтінім жібердім, бірнеше жыл журналист болып істегеннен соң медиа-жобаларымыздың үйлестірушісі болдым», – деп өз тәжірибесін Кристина Рябова бөлісті. Ол мамандығын алғашқы волонтерлік тәжірибесінің арқасында өзгерткен.

Волонтерлік деген не және қандай дағдыларды игеруге болады?

Татьяна (Тинкай) Шолудько, Ұлттық еріктілер желісінің жоба менеджері, волонтерлік әлем картинасын кеңейтеді дейді. 

«Еріктілік кез келген кәсіби салада дамуға мүмкіндік береді. Мысалы, жобаны басқару. Жоба менеджері ретінде жұмыс істеу үшін жақсы оқып, көп ресурс жұмсау керек. Сонымен қатар волонтерлік жобалардың көпшілігіне үнемі жоба менеджерлері жетіспейді. Солай кез келген волонтер куратор немесе координатор бола бастайды. Тегін тәжірибе жинау арқылы жоба басқаруды үйренеді. Бұл болашақта оның кәсібіне айналуы мүмкін. Ол SMM, фотосурет және т.б. салаларда да жұмыс істейді».

Татьянаның айтуынша, ойлаудың волонтерлік түрі деген ұғым бар:

«Еріктілердің ойлау түрі мен волонтер емес адамның ойлау түрінің айырмашылығы қандай? Мысалы: адам табиғатқа келіп, қоқыстардың үйіліп жатқанын көреді. Бұл жерде екі таңдау бар: «Уф, тағы да әкімдік жұмыс істемей жатыр!» немесе «Неге бұл жерде қоқыс көп? Оны тазалайық» деу. Ерікті ретінде ойлайтын адам адам оны жинап, басқа адамдарды тарта бастайды. Ал мұндай қоқыс онда тағы жатпас үшін алдын алу шараларын ұйымдастыра бастайды. Волонтер – жасаушы. Бұл кез келген оң өзгерістер өз қолында екенін жақсы түсінетін адам, оған тек әрекет ету қажет. Жауапты адамдар тұратын қоғам жауапкершілікті үнемі бір-біріне жүктейтін қоғамнан гөрі өнімді, тиімді және бақыттырақ».

Қай жерде және неше жастан бастап ерікті болуға болады?

Заң бойынша 18 жастан асқан адамдар ерікті бола алады. Бірақ 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер ата-анасының рұқсатымен еріктілікке келе алады. Ал 14 жастан асқандар мектептегі волонтерлік қызметке еркін қатысуға құқылы.

Еріктілер кез келген ұйымға қажет, сондықтан сізді қызықтыратын саланы табу өте оңай. Сонымен қатар сіз көптеген салаларда волонтер бола аласыз, мысалы, медиа-волонтерлік, әлеуметтік волонтерлік, экологиялық волонтерлік және басқа да көптеген онлайн және офлайн форматтары бар. Әдетте волонтерлерді нақты жобалар үшін іздейді, бірақ сіз тұрақты негізде ұйымдардың волонтері бола аласыз.

Көбінесе ұйымдар еріктілерді шақыру туралы хабарландыруларды әлеуметтік желілердегі немесе ұйымның платформаларында орналастырады. 

Мысалы, МИСК еріктілерді өз жобалары үшін де, елдегі ең ірі құқық қорғау ұйымдарына да волонтерлерді тұрақты түрде жібереді. Анкетаны мына сілтеме арқылы толтыруға болады: https://misk.kz/ru/zayavka-na-volonterstvo 

Сондай-ақ Youth.kz сайтында «Тағылымдама» бөлімінде біздің серіктестерімізбен – қоғамдық ұйымдардағы және тәуелсіз БАҚ-тағы волонтерлік және ақылы лауазымдарды бақылай аласыз: https://youth.kz/internships 

Волонтерліктің халықаралық және қазақстандық мүмкіндіктерін UN Volunteers платформасынан табуға болады.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»