Тоқаев 2019 жылғы президенттік кампаниясындағы уәделерін орындады ма?

Орталық сайлау комиссиясының қорытындысына сай, 2022 жылдың 20 қарашасындағы президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, тағы бір рет президент атанды. Сайлау алдындағы үгіт кезінде Тоқаевтың штабы оның 2019 жылғы президенттік кампаниясындағы уәделерді орындағанына назар аударды. Ол үш жыл бұрын президент сайлауына қатысарда елдің әлуметтік-экономикалық жағдайы мен саяси ахуалына байланысты бірнеше уәде берген. Тоқаев сөзінде тұрды ма, жоқ па? Осы нұсқаулық арқылы тексереміз:

Біріншіден, статистикалық ақпаратты ресми мемлекеттік сайттарда тексереміз. Мысалы, Тоқаев «2022 жылға қарай ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге дейін көтереміз» деген уәде берген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2019 жылдың алғашқы алты айында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі (бір жұмысшыға шаққанда) 526 600 теңге болған. Ал 2022 жылдың сол уақытында 923 400 теңгеге жетті. Демек, еңбек өнімділігі Тоқаев айтқандай 2,5 есе емес, 1,7 есе артқан.

Екіншіден, ақпараттың контексіне назар аударамыз және оны бір басылымнан ғана оқымаймыз. Мысалы, Тоқаев «Экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 30 пайызға жеткіземіз» деді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сай, 2019 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 31,7%, ал 2020, 2021 жылдары 32,8% және 33,5% болған. Ұлттық статистика бюросына сілтеген Halyk Research 2022 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 32,5% екенін жазды. Осылайша, ресми деректерге сүйенсек, уәде орындалды деп айтуға болады. Сондай-ақ жоғарыдағы ақпарат Тоқаев президент қызметіне кіріскен кезде ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 30 пайызға жақын болған, тіпті отыз пайыз болған деп болжауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, өткен жылдардың тоқсандық көрсеткіштері берілмеген. Сондықтан ШОБ-тың көрсеткішін Тоқаев саясатының жетістігі деп санауға бола ма — даулы сұрақ.

Үшіншіден, жаңалықтың тақырыбы мен лидін ғана емес, бүкіл мәтінді соңына дейін оқимыз және дереккөзді зерттейміз. Мемлекеттік болсын, мемлекеттік емес болсын, бүкіл медиа өзіне оырман тарту үшін «айғайлаған» тақырып қоюы мүмкін. Тіпті ең беделді басылымдар да кликбейтке жүгініп жатады. Сондықтан бүкіл мәтінді оқымас бұрын жаңалыққа сеніп, оны бөлісуге асықпаймыз.

Үгіт-насихат пен популизм саяси тақырыптарға келгенде жиі кездеседі. Сайлауда жеңіске жету үшін саясаткерлер қалың бұқараны уайымдатқан мәселелерді тез әрі оңай шешуге уәде береді және электораттың санасын манипуляциялайды. Мұндай тақырыптарға әсіре күмәнмен қараңыз және фактчекинг жасауды ұмытпаңыз.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»