Қазақстан антропологиясының негізін қалаушы Оразақ Смағұлұлы не туралы жазған?
2026 жылғы 24 қарашада 97 жасқа қараған шағында қазақтың тұңғыш антропологы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті. Ол жарты ғасырдан астам уақытын Қазақстан халқының антропологиялық тарихын, қазақ халқының шығу тегін және этникалық келбетінің қалыптасуын зерттеуге арнады.
Ол адам сүйегінен, қан мен генетикалық ерекшеліктерден тұтас бір халықтың тарихын тануға ұмтылды. Ғылыми ізденістері арқылы қазақ халқының тарихи қалыптасуы мен ұрпақтар сабақтастығын зерттеп, ұлттық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Ғалымның ғылыми мұрасында 400-ден астам еңбек, оның ішінде монографиялар, ғылыми зерттеулер мен физикалық антропологияның түрлі бағыттарына арналған мақалалар бар. Youth.kz ұлы ғалымның халқымызға арнаған маңызды еңбектерін еске алу арқылы оның есімін мадақтауға шешті.
Өзінен кейін ғылыми мектеп қалдырған ғалым
Оразақ Смағұлұлы қызметінің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстандағы антропологиялық зерттеулердің институционалдық негізін қалыптастыруы. 1989 жылы ол Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында еліміздегі алғашқы этникалық антропология зертханасын ұйымдастырды.
Оның ғылыми жетекшілігімен төрт ғылым докторы және үш ғылым кандидаты дайындалды. Ғалымның еңбектері археология, тарих, этнология және антропология салаларында зерттеу жүргізетін мамандар үшін маңызды дереккөзге айналды. Көпжылдық зерттеулерінің нәтижелерін жинақтаған кейінгі еңбектерінің қатарында 2007 жылғы «Қазақ халқының этникалық антропологиясы», 2008 жылғы «Қазақ халқының тарихи антропологиясы», 2011 жылғы «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» бар. Ал 2020 жылы «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітабы жарық көрді.
Қола дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі халық тарихы
Ғалымның ең маңызды еңбектерінің бірі – 1970 жылы жарық көрген «Қазақстан халқы: қола дәуірінен қазіргі заманға дейін» атты монографиясы. Монография – Қазақстан аумағындағы ежелгі және қазіргі халықтың антропологиялық деректері жинақталып, жүйеленген палеоантропологиялық зерттеулердің бірі.
Оразақ Смағұлұлы әртүрлі тарихи кезеңдерге жататын адам сүйектерін зерттеп, бас сүйектерінің құрылымы мен морфологиялық ерекшеліктерін салыстырды. Еңбекте сақ дәуірі, үйсін кезеңі және басқа да тарихи уақыттарға жататын материалдар қарастырылған. Зерттеуші дала тұрғындарының антропологиялық типтері қалай өзгергенін және қандай белгілердің ұзақ уақыт бойы сақталғанын талдады. Краниологиялық және палеоантропологиялық материалдарға сүйене отырып, ғалым Қазақстан аумағындағы ежелгі тұрғындар мен қазіргі қазақтар арасында терең антропологиялық сабақтастық бар екенін ғылыми тұрғыдан негіздеуге тырысты.
«Қазақстанның этникалық геногеографиясы»
1977 жылы Оразақ Смағұлұлының келесі іргелі еңбегі – «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» жарық көрді. Алдыңғы монография негізінен ежелгі сүйек қалдықтарын зерттеуге арналса, бұл еңбекте ғалым серологиялық деректерге жүгінді.
Серологиялық зерттеу – әртүрлі популяциялардағы қан топтарының таралу ерекшеліктерін зерттеуді қамтитын тәсіл. Мұндай көрсеткіштер халықтар арасындағы популяциялық айырмашылықтарды және олардың тарихи қалыптасу ерекшеліктерін талдауға мүмкіндік береді.
Алайда кітаптың тағдыры күрделі болды. Кеңестік кезеңде этникалық тарихқа қатысты зерттеулер идеологиялық шектеулерге жиі ұшырайтын. Еңбек сол кездегі ресми көзқарастармен қайшылыққа келіп, оның таралуына шектеу қойылған.
Экспедициялар мен халықаралық зерттеулер
Оразақ Смағұлұлының ғылыми қызметі кабинеттегі зерттеулермен шектелген жоқ. Ол халықаралық экспедицияларға қатысып, соның ішінде 1974-1975 жылдардағы үнді-кеңестік, 1991-1993 жылдардағы қазақ-моңғол және 1993-1994 жылдардағы қазақ-итальян экспедицияларында жұмыс істеді.
Халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында ғалым Орталық Азия халықтарының, соның ішінде Алтай қазақтарының антропологиялық ерекшеліктерін зерттеді. Осы бағыттағы еңбектердің бірі – 2003 жылы жарық көрген «Алтай қазақтары» атты зерттеу.
Оның Болонья университетімен (Италия) ғылыми байланысы да маңызды болды. Бірлескен жобалар Қазақстан мен Қырғызстанның биік таулы аймақтарындағы халықтың бейімделу ерекшеліктерін зерттеуге, кейінірек Қазақстан тұрғындарының денсаулығы, тамақтануы және антропологиялық сипаттамаларына арналды.
Жастар не дейді?
ҚазҰПУ-да «Тарих педагогикасы» мамандығы бойынша оқитын үшінші курс студенті Заңғар Жузеев Антропология институтында тағылымдамадан өту кезінде Смағұловтың кітаптарын зерттеуге міндетті болғанын айтады.
«Бұл орны толмас қаза, ғылымымыз үшін қайғылы жағдай. Өзін құрметтейтін тарихшы бұл кісінің әрбір еңбектерін оқуы тиіс. Менің басыма бақ қонса, менің де шәкірттерім осы керемет академикті зерттейтін болады», - деп ғалымға ыстық лебізін Жүзеев білдірді.
Сонымен қатар, ғылым жолында енді ғана қадам басып жатса да, Заңғар оны осы саланың ең басты ағартушысы болып санайтынын айтқан болатын.
Ол ешқашанда ұмытылмас
Оразақ Смағұлов – өте сирек көрінетін ғылымның жарқыраған жұлдызы. Ондай адамдар бәрін жақсы жаққа өзгерте алатын – нағыз пассионарий. Оның зерттеулері мен еңбектері болашақ ғалымдар үшін әрқашан да ғибратты болады.
Кейде ол өз еңбектері арқылы өз тарихын білетіндердің берік негізі бар екенін еске салуға тырысқандай көрінеді. Біз қазақ ұлтының бұл көрнекті өкілін ешқашан да ұмытпаймыз.
Бұған дейін біз қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург әрі ғалым Мұхтар Әуезовты еске алған болатынбыз.