Феминистерге жиі қойылатын сұрақтар: олар не үшін күресіп жүр?
Өткен аптада Алматы әкімдігі 2022 жылға жоспарланған феминистер маршын өткізуге рұқсат бермеді. Конституция бойынша, Қазақстан Республикасы адамның жынысы, ұлты, діни сеніміне қарамастан ешкімді алаламайды, бәрі тең құқылы. Биыл көктемде өткен феминистер маршы қоғамда қызу талқыланды. Кейбіреулер феминизмді қазаққа тән емес десе, кейбіреулер оны қолдады. Феминизм жайлы жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, бұл қозғалыстың мақсаты не екенін түсіндіреміз.
Феминизм деген не? Бұл әйелдердің үстемдігі ме?
Қоғамда феминизм мен матриархат жүйесін жиі шатастырып жатады. Матриархат – әйелдердің биліктегі рөлінің басым болуы, үстемдігі. Алайда кей ғалымдар бұл жүйенің тарихта болғаны жайлы нақты ғылыми негіз жоқ дейді.
«Феминизм» термині 19-ғасырдың басында пайда болды. Бұл сол кездегі әйел белсенділер – суфражистер қозғалысымен тікелей байланысты. Олар алғашында өз саяси құқықтары үшін күресті. Атап айтқанда, сайлауға қатысып дауыс беру құқығын талап еткен. Кейіннен еңбек құқығы, ақысыз үй шаруасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты көптеген мәселені көтерді.
Феминизмнің ортақ анықтамасы жоқ, бірақ оның негізгі мақсаты – адам құқықтарын тең ету, патриархал жүйеге қарсы тұру. Патриархалдықпен күрес – еркектерге қарсы болу емес. Феминистер патриархал қоғам құндылықтары – ер адам билікте, үйде басым болып, отбасын «асыраушы» рөлін атқаруы керек, ал қыз бала үйде отырып, «от анасы» болуы керек деген сияқты ғасырлар бойғы жаңсақ көзқараспен күреседі.
Феминистер еркектер жайлы не ойлайды?
Кейбіреулер ойлайтындай, әйел құқығын қорғаушылар еркектердің жойылып, ал қыздардың тек жұмыс істеп, мансап құруын қаламайды. Феминизм “әр әйел мұны өзі шешсе” дейді. Яғни әйел қаласа үйленсін, қаласа жұмыс істесін, үйде отырсын, бала бақсын, қалаған ісімен айналыссын – ең бастысы, мұның бәрі оның өз таңдауы болуы шарт. Дегенмен радикал феминизмнің сепаратизм концепциясы ер адамнан ешқандай жақсылық күтуге және патриархал құндылықтарға негізделген қарым-қатынасқа түсуге болмайды дейді. Олар еркектер фемқозғалысқа ешқандай пайда алып келе алмайды, тек патриархал қарым-қатынастарды күшейтеді деп есептейді.
Бұған қоса, патриархал жүйе өндірген таптаурындар тек қызға ғана емес, еркекке де кері әсерін тигізеді. Ол қызға «нәзік», «байсалды», «инабатты», «тәрбиелі» болуды үйретсе, ер баланы «қыз сияқты жылай бермеуге», «көз жасын көрсетпеуге» шақырады. Сезімдерге шектеу қою, эмоцияның сыртқа шығуына мүмкіндік бермеу – адам психологиясына кері әсер етеді. Қазақстан әлемнің суицид жасаушы елдері тізімінде алғашқы орындардан түспей келеді. Статистикаға үңілсек, суицид жасаушылардың басым бөлігі – ерлер.
Қазақстанда ерлер мен әйелдер тең құқылы. Бізге феминизм не үшін керек?
Заң жүзінде әйел мен ердің құқығы тең болғанымен, іс жүзінде әйел мен еркектің әлеуметтік рөлі мен табысы бірдей емес. Дүниежүзілік экономилық форумның 2021 жылғы есебіне сәйкес, гендерлік алшақтық бойынша (gender gap) Қазақстан 156 елдің ішінде 80-орынға ие болған. Бұл осыған дейінгі көрсеткіштен сегіз сатыға төмен. Қазақстанда әйел адамдардың табысы ерлерге қарағанда орта есеппен 25 пайызға төмен болса, кей салада айырмашылық 37 пайызға дейін жетеді.
Бұған қоса, Қазақстан саясатында және мемлекеттік органдарда әйел-басқарушылар саны өте аз. Ұлттық статистика бюросының өткен жылғы дерегіне сәйкес, Парламент Сенатында әйелдердің үлесі 20 пайыз болса (9 әйел), Мәжілісте 26 пайыз (29 әйел) болған. Қазіргі сәтте облыс әкімдерінің қатарында әйел басқарушы – Қызылорда әкімі Гүлшара Әбдіхалықова ғана бар.
Кей сарапшылардың пікірінше, билікте әйел адамның көп болуы оң өзгерістерге әкеледі. Бүгінде гендерлік теңдік сақталған елдердің алғашқы бестігін Исландия, Финляндия, Норвегия, Жаңа Зеландия және Швеция сияқты Батыс Еуропаның дамыған елдері бастап тұр.
Бұған қоса, феминистерді қазіргі сәтте толғандыратын мәселелер – тұрмыстағы зорлық-зомбылық, қоғамдағы түрлі гендерлік таптаурындар. Әйелдердің үй шаруасымен тегін айналысуы, уақытының көп бөлігін отбасына арнауы сияқты мәселелер де шешілмей келеді.
Феминизм қазақтың дәстүріне, менталитетіне қарсы келе ме?
Қазақ тарихына қарайтын болсақ, отбасыдағы жұмыстың әрқашан екіге бөлінгенін, ердің - түзде, қыздың - үйде жұмыс істегенін көре аламыз. Дегенмен Айтолқын, Есенбике, Айбике және кейіннен Айғаным, Бопай ханым сияқты ел билеген, жорыққа қатысқан батыр қыздар болды. Өткен ғасырдағы қазақ қыздарын зерттеген тарихшылар олардың бостандықсүйгіш және жауынгер, бірақ отбасына экономикалық түрде тәуелді болғанын жазған.
Қазақ қоғамындағы әйелдер рөліне қатысты өзгеріс 20-ғасырдың басында Коммунистік партияның саясатына негізделіп, жүзеге аса бастады. Тарих ғылымдарының докторы Жанат Құндақбаеваның жазуынша, қазақ әйелінің социализм идеясын қабылдап, жұмыс істеп, өз дауысының болуы маңызды еді. Бұл іспен қазақ даласында 1921-1930 жылдар арасында жұмыс істеген «әйелдер бөлімі» (женотдел) айналысты. Оның негізгі мақсаты – Коммунистік партияның, яғни большевиктердің идеологиясын қабылдату болса да, мұнда әйелдер көбіне әділдік іздеп, өз құқығын қорғау үшін келген.
Дәл осы кезеңде қазақ қызының ауыр әрі қилы тағдыры жайлы көптеген шығарма жазылды. Олардың барлығы дерлік теңдіктің жоқ екенін, қазақ әйелінің бойында дәстүр мен қоғам заңдарына протестінің бар екенін көрсетті. Бұған қоса, Алашорда қайраткерлері де алғашқылардың бірі болып өз бағдарламасында әйелдердің білім алып, қоғамдық маңызды шараларға қатысуын айтқан еді.
Ислам феминизм жайлы не дейді?
Көпшілік ислам мен феминизмді бір-бірімен қатар қоюға болмайтын ұғымдар деп есептейді. Дегенмен өткен ғасырдың соңында Ислам феминизмі деген түсінік пайда болды. Ол исламдағы гендерлік теңдік туралы идеяларды түсіндіріп, мұсылман әйелге қойылатын қазіргі талаптар – Құранда айтылған ережелерге емес, патриархал қоғамның талаптарына сай жасалғанын алға тартады. Бұл ислам құқық мектептерінің, діни еңбектердің және ислам шариғатының патриархат үстемдік құрып тұрған сәтте пайда болуымен байланысты дейді.
Ал исламдағы қыздарға қатысты көптеген шектеуді мұсылмандық келместен бұрынғы Таяу Шығыстың салт-дәстүрімен байланыстырады. Ислам феминизмін жақтаушылар Мұхаммед пайғамбар әйелдер құқығын қорғап, некеге тұру, ажырасу, білім алу және өзге де маңызды мәселелерді көтергенін алға тартады.
Ғалым, мұсылман-феминист, америкалық Амина Вадуд 2005 жылдан бері мешітте имамдық етіп көпшілік алдында намаз оқиды. Оның ойынша, ислам мұндай әрекетке тыйым салмайды. Бұған қоса, хижаб кию мәселесі де ислам феминистерінің негізгі талқыларының бірі. Зерттеулерге сәйкес, қаладағы зайырлы мектеп пен жоғарғы оқу орындарында білім алған көптеген қыз хижаб киюді өз қалауымен таңдаған.
Ер адамдар феминист бола ала ма?
Иә, бола алады. Феминизм – әйелдер құқығы мен бостандығы үшін күрес дейтін болсақ, ер адам ол қозғалыстың серігі яки қолдаушысы бола алады. Сондықтан феминистер оларды «профеминистер» деп те атайды. Жоғарыда айтқанымыздай, феминизм қоғамдағы ерлерге қатысты да гендерлік таптаурындармен күреседі.
Әлемдегі танымал профеминистердің ішінде Шерлок рөлін сомдаған Бенедикт Камбербэтч, әртістер Раян Гослинг, Уилл Смит, Дэниел Рэдклиф және британ ханзадасы Хәрри сияқты тұлғалар бар. Камбербэтч осыған дейін «егер әйел әртістің қаламақысы еркектікімен бірдей болмаса, мен ондай жұмыстан бас тартамын» деген еді.
Қазақстан қоғамында да кейінгі жылдары ерлер тарапынан әйелдер жағдайына алаңдаушылық артып келе жатқанын байқауға болады. Мұны журналист Тимур Балымбетовтың, Думан Бақытгелдінің және өзге де бастамашыл топтардың YouTube арнасындағы сұхбаттарынан байқауға болады. Қоғам тарапынан әйелдер қозғалысына протестік көзқарас көп болғанымен, мұндай талқылаудың, диалогтың басталғаны анық.
Сонда әйелдердің барлығы феминист пе? Жұмыс істемейтін әйел ше?
Иә, жұмыс істейтін\істемейтін кез келген әйел өзі қаласа, феминизм құндылықтары мен идеясын қолдай алады. Кей әйел феминист екені туралы ашық айтып, белсенді ретінде акция мен протестерге қатысады, волонтерлік қызмет атқарады. Ал өзге феминистер бұл туралы ашық жариялауды қаламайды. Жалпы феминизм, әйел қай іспен айналысса да ол өзінің жеке және саналы шешімі болса дейді.
Дегенмен сексизмді жақтайтын, гендерге қатысты түрлі таптаурынды қолданып, қыздың «еркектен бір саты» төмен екеніне сенетін әйелдер де баршылық. Феминистер бұған патриархал қоғамдық жүйе мен құндылықтарды кінәлі санайды.
Феминистер қандай нәтижеге жетті?
Қазіргі сәтте әйелдің сайлауда дауыс беруі, білім алуы, жұмыс істеуі, мүлікке ие болуы, көлік айдауы немесе басшы болуы – қалыпты нәрсе. Әйелдер бұл құқықтарға салыстырмалы түрде жақында, феминист әже-әпкелеріміздің күресі арқылы келіп жетті.
Қазақстанда да әйелдер қозғалысы кейінгі жылдары белсенді дамып келеді. Алматыда ғана «Феминита», KazFem, Femagora сияқты бірнеше фемұйымдар бар. Олардың әрқайсының өз бағыты мен мақсаты бар. Алайда барлық фемқозғалыстың ортақ тұсы – гендерлік теңдік мәселелерімен айналысу арқылы әйел мәселелерін азайту, оның құқын қорғау.
Белсенді Фариза Оспан Liter.kz басылымына берген сұхбатында феминизмнің қоғам санасын өзгертуге, жаңа заңдар қабылдауға ықпал ететінін айтқан. Мысалы, «Бейбіт жиын туралы», өткен жылдан бері талқыланып келе жатқан «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңдар.