Жастар сөйлейді: «Ақтөбені тұрғындарға жайлы қылу үшін күресті тоқтатпаймыз»
29 жастағы ақтөбелік Батыржан Құсайынов «Ақтөбе тұрғыны» жобасын жүргізеді. Қазір ол қалада сапасыз веложолдар жасауға қарсылық білдіріп жүр. Бюджет ақшасын күмәнді веложолдарға жұмсағанша, оны мүлде салмау керек деп есептейді. Біз Батыржанмен сөйлесіп, «Ақтөбе тұрғыны» жобасы туралы, жергілікті билік жұмысы жайында сұрап, жеке көзқарасын білдік.
«Ақтөбе тұрғыны» жобасы туралы
«2019 жылдан бері «Ақтөбе тұрғыны» (@aqtobecitizen) жобасымен айналысып жүрмін. Басында парақшаны жай блог ретінде аштым. Уақыт өте келе өзге адамдардың жазылып, постарыма қызыға бастағанын байқадым. Бұл жоба арқылы жерлестерімді жай ғана тұрғын емес, Ақтөбенің бір бөлшегі ретінде сезінсе екен деймін. Ол үшін түрлі ақпараттық постар, науқандар мен акциялар жүргізіп, Public Talk-тар өткіземін. Қаламызда саналы тұрғындар көбейсе екен деймін», — дейді Батыржан.
Бүгінге дейін Батыржан бұл жоба арқылы қаланың көркін бұзатын көшедегі қоршауларды алуға, қоғамдық көлікке субсидияның бөлінуіне ат салысқан. Бұл нәтижеге жету үшін ол түрлі поcт жазып, халыққа ақпараттық қолдау көрсеткен. Қазір ол Ақтөбедегі веложолдар жасайтын жобаны тоқтату үшін барын салып жатыр.
«Әрине, велоинфрақұрылымның керек екенін түсінеміз. Бірақ оның дәл бүгінгідей сапасыз жасалуына қарсымыз. Бұл жобанының дұрыс ойластырылмағаны әрі күмәнді екені анық. Қаражат босқа кетіп жатыр. Сондықтан оны мүлде тоқтату керек деп ойлаймыз», — дейді Батыржан.
«Ақтөбе тұрғыны» жобасын кім жүргізеді? Тұрғындар қаншалықты белсенді?
«Пост жазу, шаралады ұйымдастыру менің мойнымда. Кейде жерлес қыз-жігіттер видео түсіруге, монтаж жасауға, ақпарат таратып, мониторинг жүргізуге көмектеседі. Мысалы, былтыр, велосипед айдайтын тұрғындарды санадық. Волонтер ретінде 17-29 жас аралығындағы жандар көмектесті. Негізінен белсенді түрде байланысып, қолдайтын он шақты қыз-жігіт бар. Жобаның басынан бастап көмекші боп жүргендер де аз емес», — дейді Батыржан.
Оның айтуынша, «Ақтөбе тұрғыны» жобасының негізгі аудиториясы 24-35 жастағы жандар, одан кейін 17-24 жас аралығындағы жастар. Негізінен жобадан хабардар тұрғындарды Батыржан белсенді деп санайды. Себебі олар үнемі ақпараттық, қаржылай көмек көрсетіп, әлдеқандай бастамаларға қолдау білдіріп тұрады. Мысалы, қала көліктеріне субсидия сұраған кезде жүз шақты тұрғын Батыржанға билікке сауал жолдауға көмектескен. Велоспипедшілерді санауға да оқырман волотенлер ат салысқан. Public Tulk шарасына келетіндер де аз емес.
«Ақтөбе тұрғыны» жобасын қалай дамытасыз?
Батыржан нағыз жайлы әрі қауіпсіз қаланың қандай болуы керегін көрсетіп, тұрғындарға ақпарат беруді тоқтатпайтынын айтты. Себебі барған сайын жобаның аудиториясы да өсіп жатыр.
«Биыл велосипедшілерді тағы санаймыз. Былтырғы санақпен нәтижесін салыстыру үшін бұл керек. Public Talk алаңына түрлі спикерлерді шақырып, лекция өткіземіз. Себебі Ақтөбеде ондай маман жоқтың қасы. Ал бізге даму үшін, мотивация алу үшін білікті мамандар мен сарапшылардың пікірін біліп, білімін сіңірген маңызды. Себебі мен қауіпсіз, жайлы да ыңғайлы қалада тұрғым келеді. Жерлестеріме де сол керек деп ойлаймын. Сондықтан біз бірігіп, бұл мақсатқа қарай ақырындап жылжи береміз», — дейді Батыржан.
Биліктің «Ақтөбе тұрғынына» қатынасы қандай?
«Жергілікті биліктің мені елемейтінін, ұнатпайтынын байқаймын. Бұл жобаға аса мән бермегендей сыңай танытады. Бірақ 2021-де велоинфрақұрылым туралы посттарымның астында әкімдіктің боттары теріс пікір жазып, оқырмандарымның арасында күмән тудырғысы келгенін анық байқадым. Ортақ жазылмандарынан, парақшаларының бос болғанынан, пікірлері өте ұқсас келгенінен олардың бот екенін түсіндім. Бұдан әкімдіктің мені ұнатпайтыны анық білінді. Ал негізі олар көбіне мені елемейді, сауал жібеуге тырыссам бәрі бір-біріне сілтеп қоя береді», — дейі Батыржан.
Жергілікті биліктің жұмысына қандай баға бересіз?
«Мүмкін өздерінің метрикасы бойынша олар жұмысын істеп жатқан шығар. Бірақ маған жергілікті билік тек олқылықтарды жамап жүргіндей көрінеді. Басқа айтарлықтай іс тындырып жатқан жоқ. Мысалы, биыл үшінші жыл Ақтөбе еріген қар кесірінен суға кетіп жатыр. Бірақ проблема туған кезде билік суды жинап, жағдайды түзеуге тырысады да, ал оның алдын алу, болдырмау жұмыстары туралы сұрағанда жауап бермейді. Нақтырақ айтқанда проблеманың салдары жойылғанымен, себебі қалып қоя береді. Өйткені билік тез-тез мәселені шешкісі келеді, бірақ фундаменталды тұрғыдан түп-тамырымен қарастырмайды. Лас ауа, ыңғайсыз жаяужолдар, түсініксіз веложолдар — бәрі биліктің түпкілікті, алдын ала ойластырылған іс-әрекет жасамауынан туып отыр», — дейді Батыржан.
Қазақстанның болашағынан не күтесіз?
«Біріншіден, елімізді парламенттік басқару жүйесіне ауысады деп сенемін. Себебі парламенттегі өзіміз таңдаған адамдар ғана мүддемізді таныстырып, қорғай алады деп есептеймін. Қала, облыс әкімдерін өзіміз таңдайтын дәрежеге жетсек пе деймін. Біздің сауалдарға жауап беретін депутаттар болады деп үміттенемін. Бейбіт шараларда, акцияларда құқығымызды талап ете аламыз деп ойлаймын. Адам өмірінің бағалы бола түсетіні соншалық, еліміз де, қалаларымыз да жайлы, ыңғайлы әрі қауіпсіз болады деп сенемін», — дейді белсенді.