YouTube-блогер әлеуметтік-экологиялық проблемаларды қалай көтеріп жүр? 

Миллионнан астам жазылманы бар қызылордалық ютубер Әділет Әшірбек саяхат пен әлеуметтік тақырыптарда түрлі видео түсіреді. Оның AVE ADIKUS арнасынан Арал теңізінің проблемасын көтерген, Қызылдорданың экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелерін айтқан видеолары танымал. Youth.kz Әділеттен блогерлік жолы, қазіргі жастардың проблемалары мен «Жаңа Қазақстан» туралы ойын сұрап білді. 

Әділет YouTube-арнаны қалай жүргізе бастады?

«2011 жылы хобби ретінде әртүрлі видео жүктеп, қаралым жинадым. 2015 жылдан бастап өзімді түсіріп, авторлық видеолар сала бастадым. Ол кезде видеоларым пранк жанрында еді, халыққа жақсы өтті. Жұрт жаппай тіркеле бастады. Дегенмен медициналық университеттің жоғарғы курсында оқып жүргендіктен сабаққа ден қою үшін 4 айдан соң бұл хоббиімді тастап кеттім. 2017 жылы AVE ADIKUS атауымен арнамды қайта қолға алдым. Содан бері түрлі салада видео түсіріп жүрмін», — дейді блогер.

Әділет YouTube-арнасында әлеуметтік, саяси мәселелерді жиі көтеріп отырады. Негізінен еліміздің ауыл-аймақтарында көп саяхаттайтындықтан ол танымдық, экология мен туризм саласына басымдық береді. Өңірлік проблемалар туралы айтады. Көрермендерінің видеоға білдіретін пікірі де аз емес. 

Елімізде қандай проблемаларға назар аудару керек?

«AVE ADIKUS-қа саяхат бағытында видеолар түсіріледі. Онда халық білмейтін жерлер қамтылады. Сондай-ақ экологиялық проблемаларды көтереміз. Мәселен, Сырдария өзенінің тартылуы туралы видеомыз 1 миллион қаралым жинап, халықтың назарын аударды. 

Түрлі қалаға саяхат жасап, сондағы тұрғындардан сұхбат алып, ой-пікірін білеміз. Ондағы әлеуметтік, тұрмыстық, экономикалық жағдайды көрсетеміз», — дейді ол.

Жастардың назарын әлеуметтік, экологиялық проблемаларға аудару үшін не істеу керек?

Блогер мұндай проблемаларға жастардың назарын аудару үшін ақпаратты жастардың тілінде түсіндіру керек деп ойлайды. Яғни тикток, рилс трендтер, әлеуметтік желілердің инструменттерін игеріп, пайдаланған тиімді.

Жастардың медиасауатына көзқарасы

«Жастардың медиасауаты артып келеді. Осыдан 3-4 жыл бұрын бәрі конкурс пен гивке құмар болып еді. Қазір жастар болсын, үлкендер болсын — пайдалы контенке қызығады. Қай салада да сапалы контент бағаланады. Қазір әлеуметтік желілердің алгоритмін жасанды интеллект басқарады. Егер бір-екі күн тек пайдалы контент көріп, жеңіл-желпі нәрсеге «қызық емес» деп басып отырсаңыз, сізге келесіде жасанды интеллект ондайды ұсынбайды», — дейді Әділет.

Қазақстандағы жастар саясаты туралы ойы

«Меніңше, жастар арасында саясатқа қызығатындар сиреп бара жатыр. Бұл — 30 жылдық саясаттың жемісі. Түрлі қажеті аз сериал мен шоуға қомақты қаражат бөлініп, он жылдап, жиырма жылдап халықтың ойы уланды. Оның әсері бар шығар. Одан бөлек көп адамның тұрмыс-тіршілік деңгейі төмен. Менің ойымша, олардың саясат туралы ойлауға бір минуты да жоқ. Оларды бір күндік табысты тапсақ болды деген сұрақ  қана мазалайтын секілді. Тағы көптеген факторлар бар. Ал білімді жастар саясатқа уақытын құртпайды. Олардың ойы — білімін жетілдіріп, шетелге кету, жақсы компанияларға жұмысқа тұру. Шыны керек, оларға саясат қызық емес деп есептеймін», — дейді Әділет.

«Жаңа Қазақстан» деген не? 

Әділеттің ойынша, «Жаңа Қазақстан» деген – біз. Яғни тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жастар. «Дәл қазір егер саяси жағынан қарайтын болсақ, «Жаңа Қазақстан» — жай ғана ұран, жай ғана бағдарлама. Солай бағдарлама болып қағаз жүзінде қалып қоюы да мүмкін. Себебі биліктегі адамдардың көбі бұрынғы кеңес үкіметінің адамдары. Олардың көзқарастары өте ескі. Еліміздің дамымай жатқанының бір себебі осы», — дейді блогер.

«Оларға бір нәрсені істей салу – үлкен бюрократия. Немесе біз бірнәрсе ұсынсақ, бірлесіп бір жоба жасайын десең – ол да бюрократия. Себебі, о баста, тоқсаныншы жылдары жүйеміз солай ескі адамдардың көзқарасымен қалыптасты. Мысалы, жақында облысымыздың туризм саласына қатысты мықты ұсыныстарымды айттым. Олар «ақша жоқ» дейді. Ақша болғанның өзінде де, біз бөле алмаймыз, себебі 2023 жылға жұмсайтын ақшаны біз 2022 жылдың желтоқсан айында реттестіреміз дейді. Яғни мен 2023 жылы облысқа пайда әкелетін, әсіресе солардың жұмысын көрсететін туризмге қатысты ұсыныс айтсам, бір сөзбен аяқ асты келсем, олар ештеңе де істей алмайды. Алдымен, 2023 жылдың желтоқсан айында іліктіріп көрейік, сосын 2024 жылдың жазында қарастырып көруге болады дейді. Ал оған дейін уақыт сені күтпейді. Бұл сонда «Жаңа Қазақстан» ба?», — дейді ол. 

Жастар мен патриоттық сезім

«Үкімет тарапынан үлкен кемшілік көремін. Әсіресе, Назарбаев жүйесінің олқвлығы көп. Ол кісі басқарған кезде жастардың патриоттық сезімін әбден басты. Басты мысал туымызға қатысты. Мен шетелде жүргенде әрбір елде, әуежайдан бастап кез келген кафеде, көшеде өз елінің тулары ілініп тұрады. Ал бізде не істеді? Ту ілгендерге айыппұл салып жүрді. Жемқорлық көп жерде жалпы сондай болады. Жастардың патриот болмауы билікке тиімді. Патриот болмаған адам — шенеуніктердің, кез келген мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлығына көз жұмады әрі өзі де жемқорлықты дамытуға атсалысады. 

Сондай-ақ, әнұранымызды өзгертіп тастады. Бұрыңғы әнұран қандай еді?! Біз орындағанда көзге жас келетін. Нағыз патриоттық сезім оянатын. Ал Шәмшінің «Менің елім» әніне ешқандай наразылығым жоқ. Бірақ ол әнұран болуға келмейді. Ол — сол заманның маршы. Әрине, патриоттық сезімі болмаған адам әскерге де барғысы келмейді. Кінә халықта емес, кінә сол патриоттық сезімді өшірген бұрыңғы жүйеде», — дейді блогер.

Бозбалаларды әскер қатарына ынталандыру жайында

«Жастарды әскерге ынталандырмас бұрын билік әскери жүйені толықтай қолға алса деймін. Жағдайы мен тамағын, әсіресе әскерде болып жатқан буллингтің алдын алса игі болар еді. Қаншама рет үкімет жасырса да оның барын барлығы біледі. Көшеден баланы ұстап алып, күштеп әскерге жіберу — шешім емес... Әскердегі буллинг жойылса, жағдай жасалса, жастарымыз өздері-ақ Отан алдындағы борышын қорғауға ұмтылар еді деп ойлаймын», — дейді Әділет.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»