Pinduoduo мен Temu негізін қалаған Колин Хуан кім?

Колин Хуан в офисе Pinduoduo (фото: Jiemian News)

Колин Хуан – қытайлық кәсіпкер, Pinduoduo компаниясының негізін қалаушы және халықаралық Temu маркетплейсінің құрылуына бастамашы болған тұлға. Бүгінде Temu Қазақстанда да танымал. Биыл күзде Pinduoduo, компания басшылығы мен ел президенті арасындағы кездесуден кейін, Қазпошта арқылы Қазақстанға тауарларды тегін жеткізуді іске қосты. Бұл платформа арқылы қазақстандықтар киім-кешек, үйге қажетті заттар, электроника және күнделікті тұрмысқа арналған түрлі тауарларға тапсырыс береді. Толығырақ Youth.kz материалында. 

Колин Хуан кім?

Колин Хуан 1980 жылы Қытайда дүниеге келген. Ол Чжэцзян университетінде компьютерлік ғылымдарды оқып, кейін Висконсин-Мэдисон университетінде магистр дәрежесін алған. Еңбек жолын Google компаниясында бастаған.

2015 жылы Хуан Pinduoduo атты қытайлық сауда платформасын құрды. Компания топтасып сатып алу моделінің арқасында қысқа уақытта танымал болды. Пайдаланушылар бірігіп тапсырыс берсе, қосымша жеңілдіктерге ие болатын. Сонымен қатар компания аудитория тарту үшін ойын элементтерін, тауарларды ұсыну алгоритмдерін және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланды.

2022 жылы компания Temu платформасын іске қосты. Ол халықаралық нарыққа бағытталып, негізінен қытайлық өндірушілердің тауарларын төмен бағамен ұсынды. 2023 жылы бас компанияның атауы PDD Holdings болып өзгертілді.

Хуан біртіндеп бизнесті тікелей басқарудан кетті: 2020 жылы бас директор қызметінен, ал 2021 жылы директорлар кеңесінің төрағасы лауазымынан бас тартты. Соған қарамастан, оның байлығы әлі де компаниядағы үлесіне байланысты.

Миллиардердің байлығы қанша?

Forbes мәліметінше, Колин Хуанның байлығы бірнеше миллиард доллармен есептеледі. 2024 жылғы тамызда ол Қытайдағы ең бай адам атанған еді. Алайда кейін PDD Holdings акцияларының құлдырауы оның капиталының айтарлықтай азаюына әкелді.

Temu Қазақстанда неге танымал болды?

Temu 2024 жылғы наурызда қазақстандық сатып алушылар үшін қолжетімді болды. Оның танымалдығының басты себептерінің бірі – төмен баға еді. Платформа қытайлық жеткізушілермен және өндірушілермен тікелей жұмыс істейді. Соның арқасында көптеген тауарды дәстүрлі дүкендерге қарағанда арзанырақ ұсына алады.

Сонымен қатар, Temu әлеуметтік желілердегі жарнаманы, жаңа пайдаланушыларға арналған жеңілдіктерді, уақыты шектеулі ұсыныстарды және ойын элементтерін белсенді қолданады. Сатып алушыларға түрлі акцияларға қатысу, достарын шақыру және қосымша бонус алу мүмкіндігі беріледі. 

Платформаның танымалдығы логистика саласына да әсер етті. 2024 жылдың алғашқы он айында Қытайдан Қазақстанға жеткізілген сәлемдемелер саны 67 пайызға өсіп, 2,7 миллионнан 4,5 миллионға жеткен. Temu қазақстандық нарыққа шыққаннан кейін пошта және курьерлік қызметтерге түсетін тапсырыс көлемі артты. Бұл туралы Kursiv басылымы жазды.

Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit саммитінде таныстырылған зерттеуге сәйкес, қазақстандықтардың Temu платформасындағы сатып алуларының көлемі екі жыл ішінде 189 есе өскен. Салыстыру үшін айтсақ, Қытайдың тағы бір 1688.com платформасындағы транзакциялар көлемі 13 есе артқан.

Зерттеуге сәйкес, маркетплейстердегі орташа сатып алу сомасы екі жылда 25 мың теңгеден 14 мың теңгеге дейін төмендеген. Яғни тұтынушылар киім-кешек, үйге арналған бұйымдар мен күнделікті тұрмыс заттары сияқты арзан тауарларға жиірек тапсырыс бере бастаған.

Жалпы, Қазақстандағы электронды сауда көлемі 2023 жылғы 3 трлн теңгеден 2026 жылы 5 трлн теңгеге дейін өскен. Ал 2025 жылы шетелдік маркетплейстердегі сауда көлемі 50 пайызға артса, жергілікті және Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік платформалардағы өсім 19 пайызды құраған.

Колин Хуанның бизнесіне қатысты соңғы жаңалықтар

Temu халықаралық нарықта жылдам кеңейгенімен, компания бірқатар қиындыққа да тап болды. Соңғы жылдары оның қызметі тауарлардың қауіпсіздігі, сауда ережелерін сақтау және бәсекелестік мәселелеріне байланысты реттеуші органдардың назарында. 2026 жылғы 19 қарашада Reuters агенттігі PDD Holdings компаниясының үшінші тоқсандағы қаржылық нәтижелері туралы хабарлады. Компанияның кірісі 108,3 миллиард юаньды құрап, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен шамалас болды. Бұл ретте сарапшылар бұдан жоғары нәтиже күтті. Ал түзетілген таза пайда болжамнан асып түсті.

Агенттік компанияның дамуына әсер етіп отырған факторлардың қатарында АҚШ-тың кедендік баждарын, құны төмен сәлемдемелерге арналған жеңілдетілген кедендік режимнің жойылуын және Alibaba мен JD.com компаниялары тарапынан бәсекелестіктің күшеюін атады.

Тағы бір мәселе – еуропалық реттеушілердің назары. Еуропалық комиссия Temu платформасына заңсыз өнімдердің сатылуына қарсы жеткілікті шара қолданбағаны туралы ескерту жасады. 

GTA VI ойынының шығуы тек ойын серверлерін ғана емес, сонымен қатар әлемдік музыкалық чарттарды да шулатты. Youth.kz Rockstar жаңа ойын үшін таңдаған музыкалық жанрларды және Vice City атмосферасын сезіну үшін тізіміңізге қандай тректерді қосуға болатынын айтты. 

 

 

Читайте также


Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»