Неліктен қаладағы кептеліс бала құқығына қайшы?

Көпшілігіміз адам құқығының бұзылуына қоғамдағы саны аз топтар тап болады деп ойлаймыз. Немесе құқығымыз бейбіт жиын мен сайлауларда, құқық қорғау мекемелерінде ғана бұзылады деп есептейміз. Дегенмен зерттеуші Ғалым Жүсіпбек неолиберал капиталист жүйеде бәріміздің құқығымыз шектелетінін, күнделікті өмірдегі құқық бұзушылықтарға үйреніп кеткеніміз сонша, тіпті оны байқамайтын жағдайға жеткенімізді айтады.

Неолиберал капитализм дегеніміз не және ол адам құқықтарына қалай әсер етіп жатыр? Конституциямызда Қазақстан әлеуметтік мемлекет деп жазылған. Әлеуметтік мемлекет қандай болуы керек? Осы сұрақтарға халықаралық қатынастар саласының PhD докторы, Вашингтондағы Rethink институтының бұрынғы ғылыми қызметкері, Лондондағы Equal Rights Trust құқық қорғау ұйымының 2016-2017 жылдардағы кеңесшісі Ғалым Жүсіпбек жауап берді.

Неолиберал капитализм дегеніміз не?

Неолиберал капитализм жайлы айтылғанда, көп адам оны өзіне қатысы жоқ ұғым,  форма киетін банк қызметкерлерінің немесе биліктегі костюмді шенеуніктердің термині деп есептейді. Алайда неолиберал капитализм –  экономикалық қана емес, құқықтық, саяси, философиялық түсініктерге байланысы бар, еліміздегі әр адамға әсер еткен жүйе. 

Бұл жүйенің негізгі идеясы – қандай да бір қоғамдық күштер не мемлекет тарапынан шектелмеген еркін нарық жүйесін, яғни базар экономикасын орнатып, жаппай жекешелендіруді іске қосып, әр нәрсені ертелі-кеш реттелетініне халықты сендіру. Неолиберал капиталистер бұл жүйе арқылы қоғамда өнімділікті арттыру, адамдар арасында бейбітшілік орнату, мемлекетті дамыту мүмкіндігін айтады. Сонымен қатар олар әлеуметтік, экономикалық, саяси проблемалардың шешімі өздігінен пайда болатынына сенеді.

Неолиберал капитализмнің XXI ғасырдағы серігі – рент капитализмі. Екеуі қатар жүретін ұғым. Рент дегеніміз – ақшадан ақша жасау. Яғни ақша, капитал, білім, жер мен оның қойнауындағы байлықтар сияқты тапшы ресурстардан пайда табу арқылы монополиске айналу. Элитарлық топтардың мемлекет меншігін жекешелендіріп, қоғамдағы басқа топтарды жалға алушыға айналдырып, пайда көруіне қазіргі экономика мүмкіндік береді.

 

Неолиберал капитализм үшін жекешелендіру неге маңызды?

Неолиберал капиталистік түсінік бойынша, әлеуметті қорғау саясаты барынша тар болғаны жөн, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау саласы коммерциялануы керек. Әйпесе, жоспарланған өнімділік не пайда алынбай қалады, сондай-ақ, халық та жалқауланып кетеді. Әр нәрсе ақшаға негізделіп яғни коммерцияланып, әлеуметтік төлемдерді де жойып не мейілінше азайтып, халыққа еңбек еткізу керек. Сол арқылы ақша табуға ынталандыру қажет дейді. Неолиберал капитализм рационалды, яғни тек ақыл-ойына сүйенетін, ақша табамын деген түсінікпен әрекет ететін Homo economicus, яғни экономика адамын жасайды. Алайда Массачусетс Технология Институты профессоры Амадаи (Amadae) өзінің танымал  «Біржақты рационализм тұтқындары» кітабында айтқандай, рационализм біржақты ғана болып қалмай, басқалардан тек материалды пайда күтуге және басқа біреудің жеңісін өзінің жеңілісі ретінде қабылдауға негізделген психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан өте қауіпті  саналатын «zero sum game» түсінігіне негізделеді. 

Неолиберал ренттік капитализмді зерттейтін мамандар – әсіресе Кент Университеті профессорлары Сангера мен Сатыбалдиеваның, сондай ақ Аппел мен Оренштейннің айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан посткеңестік қана емес, постсоциалистік елдер арасында неолиберал капитализмді жүзеге асыруда алғаш тұр, яғни тоқсаныншы жылдары мен 2000 жылдарың басында экстремистік формасын қабылдады деп айтса болады. Польша, Чехия, Венгрия, Шығыс Германия – ешқайсысында болмаған деңгейде неолиберал реформалар Қазақстан мен Қырғызстанда жүргізілді. Жаппай жекешелендіру іске асты. Басқа елдерде жекешелендірілмейтін объектілер бізде жекеменшік болып кетті. Себебі неолибералистер мемлекеттің меншігінде әлеуметтік саясатқа қатысты ешнәрсе қалмауы керек деді. 

 

Авторитар режим мен неолиберал жүйенің байланысы

Ребекка Кук атты америкалық зерттеуші Польша, Ресей, Қазақстан елдеріне 10-15 жыл бұрын зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде ол Қазақстанның жекешелендіруден бірінші тұрғанын айтады. Польша жасай алмаған жекешелендіру саясатын Ресей жүзеге асырған, Ресей жасамағанды Қазақстан істеген екен. Себебі Польша мен Ресейге қарағанда Қазақсатан анағұрлым авторитарлы. Әрине, Ресей қазір бұрынғыдай емес. Авторитарлы түгіл тоталитарлы жүйеге жақын. 15 жыл бұрын Ресейде жекешелендіруге қарсы топтар көбірек еді: жұмысшылар ұйымы, еңбекшілер қоғамдастығы, әр аймақтың өз лидерлері болды. Олар көптеген зауыт, фабриканы жаппай жекешелендіруге қарсылығын білдірді. Ал Польшада мекемелер кәсіподақтары бұрыннан мықты, әсіресе атақты «Солидарность» деген тәуелсіз кәсіподақ ұйымы біраз жұмыс атқарған. Соның арқасында Ресейде де, Польшада да 10-15 жыл бұрын Ребекка Кук зерттеу жүргізген кезде неолиберал капитализм дәл Қазақстандағыдай өршіген жоқ.

Бұл зерттеудің нәтижесінде мынадай қызық нәрсені байқауға болады: мемлекет неғұрлым авторитарлы бола түссе, соғұрлым неолиберал экономика дамиды. Мұның ең үлкен мысалы – Чилидегі Пиночет билігі. Чили Пиночеттің қарамағына өткеннен кейін 80-жылдардың басынан бастап неолиберал экономика қарқынды дамиды. Капитализм мен автократия, авторитаризмнің арасында байланысты да Чилидегі осы президенттің диктаторлық билік жүргізген кезеңдерінен көреміз: әскери хунта басында генерал Пиночет, саяси жүйе авторитарлы, экономика неолиберал капитализмге негізделген, елде плутократия орнаған.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»