Мектепте хиджаб киюге бола ма?

Жаңа оқу жылдың басталуымен мектепте хиджаб киюге рұқсат жайлы сұрақ тағы да көтерілді. Осыған орай тақырып бойынша мамандардың талқылауын ұсынамыз.  

Заң тұрғысынан 

Жуырда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде хиджаб киюге рұқсат жайлы сұраққа былай деп жауап берді: «Конституция бойынша, Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектептегі формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек». 

Халықаралық тәжірибе

Бірақ басқа да зайырлы елдерді мысалға алып, мектепте оқушылардың киім кию еркіндігін шектеп жатқан жоқпыз ба деген ой келуі мүмкін. Еске сала кетейік, Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарында мектепте хиджаб киюге рұқсат етілген. Ал Норвегияда мектепте ғана емес, әскерде де киюге болады. 

1989 жылы Францияның Крейе қаласында үш мұсылман қыз хиджаб кигені үшін мектептен шығарылды. Осыдан кейін Францияда «орамал ісі» деп аталатын оқиға басталды. Әлеуметтанушылар бұл оқиғаны  жай ғана орамал үшін күрес емес, сондай-ақ саяси астары бар қозғалыс деп санады. Осылайша, олар Франция азаматтары ретінде де өздерінің мұсылман екенін және де діни еркіндік құқығын пайдаланатынын мәлімдеді. Нәтижесінде Францияда мемлекеттік мекемелердің қабырғасында хиджаб киюге тыйым салынды. Заманауи демократияның негізінде жатқан екі маңызды қағидаттың яғни, ар-ождан бостандығы мен мемлекеттік күштің қақтығысуы зайырлы елде орамал сияқты қарапайым киім үлгісінің одан сайын белең алып, күрестің күшеюіне себеп болды деуге негіз бар. Орамал — күрделі бір күрестің символына айналды. 

Алматы қаласының Балалар құқығы жөніндегі уәкілі, заң ғылымдарының докторы  Халида Әжіғұлова Qmonitor сұхбатында халықаралық тәжірибені түсіндірді: 

«БҰҰ-на мүше елдер Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес, балалардың діни бостандық құқығын құрметтеуге міндетті. Балалардың хиджаб киюі, бұл көбіне саналы діни сенім емес, ата-анасының өмір салтын көшіруі әбден мүмкін. Өйткені қыз баласы өзінің анасын үлгі тұтып өседі, егер анасы хиджаб киіп жүрсе, қызы да жасөспірім кезінде хиджаб киюге ұмтылуы — қалыпты нәрсе. Бұндай жағдайда, бұл мәселені мектеп өзі оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен шешім қабылдауы керек деп есептеймін». 

Ислам не айтады?

«Дін тұрғысынан қарастырсақ, хиджаб — балалардың емес, әйелдердің киім кию үлгісі. Құран әйелдерге хиджаб киюді міндеттемейді, тек VII ғасырдың қоғамына тән тарихи-әлеуметтік жағдайға тікелей қатысты және тек белгілі бір географиялық аймаққа қатысты екі ұсыныс береді. Сондықтан да мұсылман елдерінің өзінде орамал тағуға қатысты әлі күнге дейін ортақ пікір жоқ», — деді омбудсмен.

Компромисс

Халида мектепте қыздарға хиджаб киюге рұқсат беру туралы пікірталаста ең алдымен балалардың пікірін ескеріп, мүддесін қорғауды да ұмытпауға шақырады.  

«Компромисс ретінде тоқсан немесе айда бір "бос" күнді енгізуді ұсынуға болады. Бұл күні оқушылар кез келген киімде келе алады: джинсы ма, пижама ма, хиджаб па, мини-юбка ма және т. б. Мұндай шара білім беру процесін инклюзивті етуге мүмкіндік береді әрі балалар өзінің шығармашылығы мен даралығын көрсете алады», — деп ұсынады Халида.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»