Медициналық сақтандыруды студенттер мен тұрақты жұмысы жоқ адамдар қалай қолданады?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) кім қолданыла алатынын, оған қандай қызметтер кіретінін «Qmed ұлттық инновациялық медицина палатасы» президенті, қоғамдық денсаудық сақтау магистрі Әкім Тұрсұннан білдік.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. МӘМС жүйесі аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» активтері қолданылады. Бұл қорға мемлекет әлеуметтік осал топтар үшін, жұмыс беруші жұмысшы үшін, жұмысшы мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өзі үшін жарна төлейді», — дейді Әкім.
МӘМС жүйесін Қазақстанның барлық азаматтары, қандастар, Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен олардың отбасы пайдалана алады.
Оған қандай қызметтер кіреді?
Әкімнің сөзінше, МӘСМ жүйіесі бойынша сақтандырылғандар профилактикалық медициналық тексерулерден өте алады, учаске дәрігеріне қаралып, мамандандырылған дәрігерге бара алады, УЗИ, КТ, МРТ сияқты диагностика қызметіне жүгіне алады. Одан басқа қызметтер туралы толығырақ мына сілтемеден көре аласыз: https://fms.kz/kz/useful-to-know/chto-mozhno-poluchit-besplatno-osms/
Сақтандырылмаған адамдар қалай емделеді?
Маманның сөзінше, сақтандырылмаған азаматтар Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) бойынша жедел жәрдем шақыра алады, шұғыл емдеуді қажет ететін инфекциялық ауруларды емдей алады, дәрі-дәрмек ала алады. Сақтандырылмаған адамдарға тағы қандай тегін қызметтер барын мына сілтемеден көруге болады: https://fms.kz/kz/useful-to-know/chto-mozhno-poluchit-besplatno-gomb/
МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылу үшін не істеу керек?
МӘМС туралы заңның 5-бабы бойынша, соңғы 12 айдағы өткізіп алған кезеңге жарна төлеп, алдағы 12 айға алдын ала төлем жасайсыз. Өзіңіздің медициналық сақтандыруыңыздың бар-жоғын Qoldau-24/7 мобайл қосымшасы, Телеграмдағы SaqtandyruBot немесе eGov.kz порталында жеке кабинетіңізден біле аласыз. Соңғы төлемнен үш ай өткен соң МӘМС бойынша статусыңыз сақтандырылмаған болады. Сондықтан МӘМС төлемін жүйелі түрде тоқтатпай төлеген абзал.
Студенттер мен тұрақты жұмысы жоқтар медициналық сақтандыруды төлемейді. Сонда олар қалай дәрігерге жүгінеді?
Студенттер, магистранттар, докторанттар — күндізгі оқудағы адамның бәрі мемлекет есебінен сақтандырылатын жеңілдікті 15 санатқа кіреді. Мемлекет есебінен тағы қандай адамдар сақтандырылатынын мына сілтемеден көре аласыздар: https://egov.kz/cms/kk/articles/health_care/osms
Жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар да мемлекет есебінен сақтандырылады. Басқа жағдайда адамдар сақтандыру статусына қарай ем алады. Сақтандырылмаса, жарна төлеп, МӘМС бойынша дәрігерге қаралады.
Еgov.kz порталының дерегінше, бүгінде бұл 15 санатқа 11 миллионнан астам адам кіреді. Олардың әрқайсына мемлекет ай сайын Қорға 4 505,6 теңге жіберіп отыр.
МӘМС үшін кімге және қанша төлеу керек?
Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарна мен аударым мөлшері өзгерді.
Жұмыс берушілер, қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар МӘМС бойынша қанша төлейтінін мына сілтемедегі инфографикадан көре аласыз: https://fms.kz/kz/o-medstrakhovanii/infografika/88888/
Тұрғылықты жерім басқа жақ, өзім басқа жақта болсам, медициналық қызметке жүгіне аламын ба?
«Қай қалада, ауылда, облыста жүрсеңіз де Қазақстан Республикасының азаматшасы не азаматы болсаңыз, еркін тіркелу форматында сол жердегі емханаға тіркелесіз. Ол мемлекеттік те, жеке де емхана болуы мүмкін. Тұрғылықты мекеннің маңызы жоқ. Емханаға тіркелген соң сақтындыру статусыңыз анықталады. Медициналық сақтандыруыңыз болса, тегін емделесіз. Болмаса, алдымен ТМККК бойынша емделіп, сосын жарна төлеп, МӘМС-пен емделе аласыз. Ал егер өзге қалаға бірнеше күнге келгенде ауырсаңыз, шұғыл көмек міндетті түрде көрсетіледі», — дейді Әкім.
Бұл тақырыпта басқа да ақпаратты fms.kz — Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан немесе 1406 номеріне хабарласып біле аласыз.