Камила Смагулова: «Деколониалдық тұрғыдан ойлау — Рашев айтқандай сән емес»

Блогер Ержан Рашев әлеуметтік желіде «деколониалдық тұрғыдан ойлау» соңғы кезде танымал болған сәнді тақырып деген жазбасын жариялады. Алайда оның сөзіне келіспеген адам аз емес. Ендеше, деколониалдық қандай термин? Неліктен оны Қазақстанда жоққа шығару мүмкін емес? Бұл сұрақтарды отарсыздану тақырыбында зерттеу жүргізген зерттеуші Камила Смагуловаға қойдық. 

Деколониалдық деген қайдан шықты?

Камила Смагулованың айтуынша, отарсыздану мен деколониалдық екеуінің алдымен аражігін ажыратып алу керек. Екеуі тарихи отарлау процесіне қатысты термин болғанымен мағынасы екі түрлі. 

«Отарсыздану, decolonization — отарлаушы мемлекеттен отар болған елдердің бөлініп, халқының қаналуын тоқтату. Ол 1930 жылдары пайда болған халықаралық құқыққа қатысты саяси термин. 1960 жылдары БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясы бойынша бұрын отар болған елдер тәуелсіздігін қайтарған кезде бұл термин кең тарала бастады. Яғни Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия отарлаған мемлекеттер егемендігін алып, өз алдына отарсызданды. Отарсыздану кеше пайда болған термин емес. 

Деколониалдық, яки decoloniality — отаршылдық пен империализмнің салдарын түсіну, еуроцентрлік көзқарастан бас тарту үрдісін білдіретін кең ұғым. Яғни ол — сыни ғылыми призма. Деколониалдықтың басты идеясы — отаршы мен отар болған мемлекеттер арасында қалыптасқан көзқарасқа сыни пікір беру және субъектілікті анықтау, яғни бұрын отар болған қоғамның өз-өзіне көзқарасы», — дейді Камила. 

Қазақстанда деколониалдық қалай көрініс тапты? 

Зерттеушінің сөзінше, Қазақстанда деколониалдық және отарсыздану үдерісі құлашын кеңге жайып отыр. Яғни еліміз бірегейлікті, кімдікті қоғам болып анықтайтын үдеріс үстінде. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыстан соң Қазақстанда деколониалдық үдеріс күшейе түсті, бірақ бұл осы екі оқиғаның аясында басталған жоқ. Бұл саяси жағдайлар Қазақстанда деколониалдық призманың тек әлеуметтік ғылым аясында емес, заманауи өнер жолында, медиада, азаматтық белсенділік аясында көрініс табуына себеп болды. Оны жауыр болған сәнді термин ретінде емес, шынымен де ұлттың сұранысынан пайда болған призма екенін ұғыну керек. Осы жерде Украинадағы соғыс деколониалдықтың басталуына емес, тек күшейе түсуіне әсер еткенін ескерген жөн.  

«Бұл тақырыпты зерттейтін Мадина Тлостанова сияқты ғалымдар деколониалдықты субъектілікпен байланыстырады. Яғни бұрын отар болған елдер өздерін кезінде отарлаған мемлекеттен бөлек көруі — субъектілік. Мысалы, әр мемлекет тарихын өзі жазады. Қазақстан музыкасын, этнографиясын Затаевичтің зерттеуінен емес, өзі заманауи тұрғыдан зерттеп таниды. Тіпті бұрынғы тарихқа сыни қарау мен сұрақ қою да — мемлекеттердің субъектілігінің белгісі. Ол қалыпты үдеріс. Яғни мемлекет өзін, тарихын өзі зерттеп, өзі айтуы керек. Мұны риклейминг, яки reclaming дейді. Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық бірегейлік, кімдік деген тақырып жиі қозғалып жүр. Оны талқылау үшін осы деколониалдық призма аса маңызды. Бұл призмадан өткеннен кейін ғана елдің ұлттық бірегейлігі мен қоғамдағы кімдік тақырыбы ашыла түседі», — дейді Камила. 

Ержан Рашевтің жазбасы неге талқыланып жатыр?

«Ержан Рашевтің деколониалдық ойлау туралы жазған жазбасының үлкен талқыға түсуі — оның көзқарасының шындық екенін емес, бұл тақырыптың сезімталдығын аңғартады. 

Біріншіден, Рашев жазбасын мемлекеттік тілде жазбаған, отарлық мәнер байқалады. Екіншіден, ол деколониалдықты жоққа шығаруға тырысқанымен мәтінде келтірген мысалдары сөзін дәлелдемейді. Оның айтуынша, Корея мен Жапонияға атом бомбасы лақтырылса да бұл елдер жауапкершілікті мойнына алып, алға дамыды. Алайда Корея мен Жапонияны қатар қойып мысал келтірмек түгілі, Орталық Азия мен Шығыс Азияның тарихын мүлде салыстыруға келмейтін екі түрлі аймақ екенін біліп алған жөн», — дейді зерттеуші. 

Камиланың сөзінше, деколониалдық тұрғыдан ойлау — Рашев айтқандай сән емес. Оның 100 жыл бұрын пайда болған терминді жоққа шығарып, сызып тастауы орынсыз. Ержанның сritical race theory, queer, gender and sexuality studies, post-colonial theory ұғымдары күні кеше ғана америалық ортада пайда болған деуі — білімсіздіктен. 

Қазақстан Рашев айтқандай колония болды ма, жоқ па? Бұл сұрақ ғылыми ортада әлі де талқыланып жүр, бірақ нақты жауап жоқ. Себебі Кеңес үкіметі кезінде әртүрлі аймақтар мен халықтар Ресей мемлекетінің құрамында болды деп қана түсіндіріледі. 

Деколониалдық тақырыбына тереңірек үңілу үшін қандай кітап-зерттеулерді оқуға кеңес бересіз?

«Ең біріншіден, бұл тақырыпты тереңірек түсіну үшін Франс Фанонның, Анибал Киханоның еңбектерін оқуды ұсынамын. Эдуард Сеидтің «Ориентализмімен» де танысу керек. Мадина Тлостованың «Деколониальность бытия, знания и ощущения» кітабын оқуға кеңес беремін. Қазақ әдебиетінде бұл тақырыпты астарлап жазған Мұхтар Мағауиннің шығармаларын да оқыған жөн. Зерттеуші әрі әлеуметтанушы Диана Құдайбергеннің де бұл тақырыпта ғылыми мақалаларын оқуды ұсынамын», — дейді Камила Смагулова. 

Сондай-ақ зерттеуші деколониалдық дискурс тек Қазақстанға емес, тарихымыз ортақ — Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдері үшін де аса маңызды призма екенін айтты. Сондықтан Орталық Азия зерттеушілері Эрика Марат пен Ботагөз Қасымбекованың мына мақаласын да оқыған пайдалы. 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»