Хейт пен қорқытуға тап болдыңыз: Не істеу керек, кім көмектесе алады?

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы мәліметке сүйенсек, биыл тек наурызда ғана «Қорқыту» фактісі бойынша Қазақстанда 46 құқықбұзушылық тіркелген. Ал тіркелмегені қанша? Жақында әлеуметтік желіде тараған видеодағы бойжеткен қыздардың төбелесіне де осы қорқыту себеп болған. 

Хейт пен қорқыту адамның психикасына зиян келтіріп қана қоймай, өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ондай жағдайға өзіңіз кезіксеңіз не жақындарыңыз тап болса, не істеу керегін заңгер Айгерім Құсайынқызы мен адвокат Жанна Уразбаходан сұрадық

— Адам хейтке тап болып, өзін қорғансыз сезінсе, не істегені абзал?

Айгерім Құсайынқызының айтуынша, бәріне ортақ нұсқаулық жоқ, себебі хейтке тап болған кім, оның жасы мен жынысы қандай, қай жерде қалай кемсіту болды деген сияқты әртүрлі факторлар бар. 

«Жеке басқа тіл тигізу сияқты ең қарапайым хейтті алсақ, бірінші кезекте, әрине құқықбұзушылық бар-жоғын анықтау керек. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ол жала жабуға жата ма, жатпай ма — соны заңгерлерден сұраған абзал. Сосын психологқа барған жөн. Себебі көп жағдайда бізде хейтті критика ретінде жеңіл қабылдайды да, адамның түпсанасына негативтің қаншалықты ауыр әсер ететінін білмеуі, тіпті хейттің қандай құқықтық салдарға келіп тірелетінін сезбеуі де мүмкін», — дейді Айгерім.

«Егер хейт негатив бола тұра жеке басыңызға тіл  тимесе, онда көңіл аудармаған жөн. Ал өзге тараптың сөзінен қорлық не кемсіту сезсеңіз, шынға жанаспайтын қаралау сөздерін естісеңіз, сотқа жүгіне аласыз. Кемсіту ісі жеке-жариялы сипатта болуы мүмкін, сондықтан жеке айыптау негізінде бірден сотқа беруге болады. Ол үшін кемсітудің расымен орын алғанын растайтын филологтың қорытындысы қажет», — дейді Жанна Уразбахова.

— Ал біреу мені қорқытса, ең бірінші не істеу керек? Келесі қадамдар қандай болғаны жөн? 

«Қорқыту құқықтық ұғым болғанымен, оның бірнеше түрі бар: ауыр, орташа, жеңіл, онлайн. Бұл — өте кең ұғым. Аудиоңызды жіберіп бопсалау, суреттеріңізді көрсетіп бопсалау, жұмыссыз қаласыз деп қорқыту, физикалық түрде жарақаттап қорқыту — қандай түрі болмасын, ол ешқашан жасырылмауы керек. Жақындарыңызға және полицей қызметкерлеріне хабарлаған абзал. Себебі үндеместік қорқытқан адамға көмектеседі», — дейді Айгерім. 

Адвокаттың сөзінше, егер сіз онлайн түрде қорқытуға тап болсаңыз, бәрін скрин жасап, нотариуста куәландыруыңыз керек. Бұл құжат “дәлелдер хаттамасы” деп аталады. Сол дәлелдеріңізбен полицияға барасыз. 

«Біреу телефоннан қорқытса, оны диктофонға жазып алу керек, көшеде қорқытса, видеоға түсіру қажет не айналадағы камералардан жазбаны алған жөн. Дәлел болғаны сізге тиімді. Алайда олармен диалог құрып немесе сөз таластырып, керісуден аулақ болған абзал», — дейді Жанна. 

— Мемлекеттік органдар ештеңе шешпесе қандай ұйымдар/адамдарға жүгінуге болады?

«Азаматтық қоғам ұйымдары қорқыту фактілерімен көп айналыса бермейді. Олар сөз бостандығы сияқты мәселелерді көтереді. Өкінішке қарай, оларда физикалық түрде қорқыту орын алған жағдайда құқықтық құрал өте аз. Сондықтан ең біріншіден, полицияға жүгіну керек. Уаскелік полицияның жұмысына көңіліңіз толмаса, прокуратураға бара аласыз. Бірақ қорқытқан адамды одан бетер қауіпті адам арқылы қорқытамын деп өздігіңізден әрекет етпеген жөн. Ол керісінше жағдайды ушықтырып жібереді. Заң алдында жауапқа тартылуыңыз әбден мүмкін. 

Мемлекеттік органдардың жұмысына көңіліңіз толмаса әрі ақшаңыз болса, жеке детектив жалдап, мән-жайды анықтай аласыз, бірақ бұл сала әлі Қазақстанда дами қойған жоқ», – дейді Айгерім.  

«Қорқыту фактісі бойынша полициядан бөлек жеке айыптау тәртібімен тікелей сотқа бара аласыз. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-бабы бойынша қорқыту фактісін өзіңіз дәлелдеу керек боласыз», — дейді Жанна Уразбахова. 

— Өзім емес, жанымдағы досым/танысым қорқытуға тап болса, қалай іс-әрекет еткен жөн?

«Қорқытуға тап болғанда паникалық шабуыл, жағдайды қабылдамау, сенбеу сияқты реакцияның кесірінен көп уақыт өткізіп алуыңыз мүмкін. Бірақ мұндай кезде неғұрлым тез әрекет етіп, дерек-дәлелдерді жинап полицияға бару керек. Сол себепті жақыныңызды біреу қорқытып жүргенін білсеңіз, оны бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге үгіттеген абзал. Қорқытудың болғанын растайтын дәлел жинауға көмектесіп, қолдау көрсеткен жөн. Себебі көп жағдайда деректердің жетіспеушілігі мен қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс қозғалмауы мүмкін», — дейді заңгер. 

Онымен қоса, Айгерімнің сөзінше, жақын адамыңыз қорқытуға тап болса, виктимблеймингтен аулақ болған жөн. Банкоматта неге сақ болмадың, «мұның алдын алуға болатын еді ғой» дегеннен адамның қорқынышы азаймайды.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»